Прокурор экс-министр Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Жарияланған күні:
Читать на русскомЕлордалық сот жиынында прокурор экс-министр, Ұлттық музейдің бұрынғы басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлын 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Айыптаушы тараптың айтуынша, Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша Арыстанбек Мұхамедиұлы адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы сенiм бiлдiрiлген қаражатты аса iрi мөлшерде ұрлау, оларды иемденiп алу немесе жымқыруды ұйымдастырғаны үшiн кiнәлi деп танылған.
Прокурор экс-шенеуніктің жасаған қылмыстарына байланысты оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ оның мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салуды сұрады.
Еске салайық, 2022 жылғы мамырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік Ұлттық музей басшылығы мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында бюджет қаражатын (146 миллион теңге сомасында) жымқыру белгілері бойынша күдікке ілінгенін хабарлаған болатын.
Екі аптадан кейін Ұлттық музейдің сол кездегі директоры, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты "күзетпен ұстау" бұлтартпау шарасы таңдалғаны оның екі айға қамауға алынғаны белгілі болды.
Сондай-ақ Антикор қылмыстық іске қатысты жаңа мәліметтерді бөліскен болатын.
Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылды, биыл 6 сәуірде экс-министр мен өзге де фигуранттарға қатысты қылмыстық іс Астана қаласының Байқоңыр ауданының № 2 сотына келіп түскені хабарланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2024452-prokuror-eks-ministr-muxamediulyn-9-zylga-bas-bostandygynan-aiyrudy-surady/