Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қыздың орнына мені кепілге алуды ұсындым": Ішкі істер министрі Астанадағы арнайы операцияның жай-жапсарын айтты

Жарияланған күні:

Марат Ахметжанов
Марат Ахметжанов. Фото: Әйгерім Асқарова/NUR.KZ

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов бүгін министрлер кабинетінің кулуарында Астанада Kaspi филиалында кепілге алынғандарды босату бойынша жүргізілген арнайы операцияға қатысты жаңа мәліметтерді бөлісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Марат Ахметжановтың сөзінше, ол адамдарды кепілге алған ер адаммен алдымен телефон арқылы сөйлескен, сосын ғимаратқа кіріп, онымен тілдескен.

"Мен кездестім, алдымен телефонмен сөйлестім, содан кейін кіріп, кепілге алған қызды босатуын өтіндім. Ол әкесімен сөйлесті. Ары қарай ол келіспеген соң арнайы шаралар қолдануды бастадық", – дейді ол.

БАҚ өкілдері әлеуметтік желілерде бұл полиция мен министрдің жеке имиджін көтеру мақсатында жасалып жатқан жоспарлы шара екендігі жөнінде ақпарат тарағанын атап өтті.

"Бұл шындыққа жанаспайтын бос жорамалдар. Біз үшін мұндай жолмен имидж көтеру қажеттілігі жоқ. Басқа шаралар арқылы да имиджді көтеруге болады", – дейді Ішкі істер министрі.

Бұл ретте журналистер Марат Ахметжановтан онда неліктен келіссөзді жеке өзі жүргізгенін сұрады.

"Бәрі болды, менің орынбасарларым да болды. Маған ешқандай қауіп төнген жоқ, келіссөздер жүргізетін басқа да адамдар болды. Мен өзім бардым, қыздың орнына мені кепілге алуды ұсындым. Бірақ ол келіспеді", – дейді Марат Ахметжанов.

Сондай-ақ министр кепілге алған ер адам ғимаратқа оқ өтпейтін кеудешемен кіруге рұқсат етпегенін де атап өтті.

Еске сала кетейік, 18 маусымда Астанадағы "Керуен" сауда ойын-сауық орталығының жанындағы Kaspi филиалында қарулы ер адам адамдарды кепілге алған болатын.

Оқиға орнына дереу құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетіп, адамдарды кепілге алған ер адаммен келіссөз басталды. Сондай-ақ Kaspi ғимараты орналасқан үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.

Біраз уақыттан кейін арнайы жасақ қызметкерлері ғимаратқа шабуыл жасап, жоспарланған операция нәтижесінде 30 жастағы ер адам ұсталып, кепілге алынғандардың барлығы босатылды.

Кепілге алынғандарды босату операциясын Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың өзі басқарды. Министр кепілге алған ер адамның қандай талаптар қойғанын да айтты.

Айта кетейік, операция нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ. Кепілге алынған азаматтардың үшеуі қатты шок алған, бірақ ешкім ауруханаға жатқызуды қажет етпеген.

Ал ұсталған 30 жастағы ер адамға қатысты "Адамды кепілге алу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол 12 жыл мерзімге дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар оның есірткіге тәуелді адамдар есебінде тұрғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025453-qyzdyn-ornyna-meni-kepilge-aludy-usyndym-iski-ister-ministri-astanadagy-arnaiy-operaciyanyn-zai-zapsaryn-aitty/