"Бәрі бекер болайын деп тұр": үш айдан бері сусыз отырған жамбылдық диқандар жанайқайын айтты (фото)
Жарияланған күні:
Жамбыл облысындағы төрт бірдей ауыл үш айдан бері ағын сусыз отыр. Егістік баптауды негізгі кәсіпке айналдырған Байзақ ауданындағы елді мекендер қатарында Ақжар, Көкөзек, Түймекент және Суқанбай ауылы бар. Даурыққан диқандардың айтуынша, су беретін мекеме суды көрші ауданға барынша босатып, Байзақ ауданына бермей отыр, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Алқап басындағы тұрғындар Байзақ және Сәмбет су арнасына қарап отырғандарын айтады. Тіршілік нәрінен тарыққандарына 90 күннен асқан. Әсіресе аудан орталығынан алыста жатқан Ақжар ауылындағы 3 мың гектарға жуық алқап кеуіп кеткен.
"Суды Жамбыл ауданына жіберіп, бізге келгенде бермей отыр. Турасын айтқанда алалау. Көрші ауылдардың бәрінде су бар. Жағдайлары жақсы болып тұр. Ауылдың айналасындағы жерлерде егіншілікпен айналысып жатқан адамдардың бәріне қиянат. Малмен айналысып жатқандарға да қиянат", - дейді ауыл тұрғыны Ахмет Құрышбай.
Райымбек Рүстембеков 30 гектардан астам алқапқа жоғары сортты жүгері тұқымын еккен. Ақсақал жылда 60 млн теңге табысқа шығып жүрген. Бірақ "биылғы жоспардың орындалуы екіталай" деп күйінеді.
"Шыны керек, бұл - масқара. Ей, мынау халық осыншама ақша жұмсап, бір қасық су бермейді мынау су мекемесі. Қолдан құрғақшылық жасап отыр. Енді бір аптада су келмесе, еңбегіміз еш кетеді. Жерді трактормен айдатуы бар, малалауы бар 5 млн теңгедей ақша шықты. Бәрі бекер болайын деп тұр", - дейді Райымбек Рүстембеков.
Суға жауапты "Қазсушар" мекемесі ағын су Қырғызстаннан аз көлемде келіп жатқанын айтады. Көрші елдің тау бөктеріндегі мұздықтары күндіз еріп, түнгі уақытта ерімегендіктен Киров су қоймасы толмай тұрған көрінеді. Соның салдарынан қырғыз елі болмашы суды босатып жатқанын жеткізді. Енді бұл қиындықтан шығудың жолы ретінде аудандарға кезекпен су беру әдісіне көшкен. Байзақтық диқандардың кезегі 2-3 күнде келетіндіктен екі апта ішінде суарып үлгеру керек деп отыр.
"Киров су қоймасына судың түсіп жатқан көлемі секундына 1,5 текше метр. Былтыр бұл көрсеткіш 55 текше метр болатын. Жалпы, сәуір айынан бүгінге дейін су қоймаға 140 млн текше метр су түскен жоқ. Ал қазір қырғыздардың өзіне су жетпей, жағдайлары қиын болып жатыр. Өздерінің билік басындағы жауаптыларына да сенбей жатыр. Сол су қойманың түбінде отырған диқандардың алқаптары да қурап қалуға жақын. Енді көрші елде сыртқа су бөлуге қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр екен", - дейді, "ҚазСуШар" РМК Жамбыл филиалының директоры Ерлан Өтегенов.
Айта кетейік, былтыр көрші елдің Киров су қоймасында 400 млн текше метрге жуық су болған. Биыл оның жартысы ғана жиналғандықтан, жағдай ушығып жатыр. Ал қырғыз билігі су беруді тоқтатқан жағдайда, оңтүстік диқандары күзгі жиын-терім жақындағанда тіршілік нәрінен тарығады. Өйткені жауаптылардың сөзінше, "Талас су" торабындағы 32 текше метр су тек тамыз айына ғана жетеді.
Автор: Ұлдана Жұбай
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2025530-bari-beker-bolaiyn-dep-tur-us-aidan-beri-susyz-otyrgan-zambyldyq-diqandar-zanaiqaiyn-aitty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.