Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Серік Күдебаевқа қатысты іс: апелляциялық шағымды қарау кейінге шегерілді

Жарияланған күні:

Серік Күдебаев
Серік Күдебаев. Фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Талдықорғанда Алматы облыстық ПД-ның бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың апелляциялық шағымын қарау кейінге шегерілді. Бұл сотқа адвокаттың келмей қалуы мен әйелінің өтінішіне байланысты, деп хабарлайды KAZ. NUR.KZ тілшісі.

Апелляциялық шағымды қарау 1 шілде, сенбіге шегерілді. Себебі Серік Күдебаевтың қорғаушысы басқа сот отырысында болғандықтан бүгінгі сотқа келмеген.

Сонымен қатар сотталушының жұбайы БАҚ өкілдеріне сотқа қатысуға тыйым салу туралы өтініш берген. Бұл мәселе де сотта қаралатын болады.

Айта кетейік, 10 жылға бас бостандығынан айырылған Серік Күдебаев сот үкіміне шағым түсіріп, апелляциялық шағымды қарау 29 маусым, сағат 15:00-ге белгіленген болатын.

Серік Күдебаевтың ісі

Еске сала кетсек, Серік Күдебаев 2022 жылы сәуір айының соңында Алматы облысы полиция департаментінің басшысы қызметінен босатылып, мамыр айының ортасында қаңтар оқиғасы бойынша күдікке ілінген еді. Биыл қаңтар айының басында оған қатысты сот отырысы басталды.

Сот отырысында ол өзінің кінәсіз екенін айтып, өзіне қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуды сұрады. Серік Күдебаевқа Қылмыстық кодекстің 362-бабы ("Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану") және 146-бабы ("Азаптау") бойынша айып тағылған.

Сотта прокурор Күдебаев жауапты тұлға бола тұра, қаңтар оқиғасы кезінде шабуылды тойтару және аймақтағы жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдамағанын атап өтті.

Сонымен қатар мемлекеттік айыптаушы Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Наурыз айында Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы оның ауруханаға жатқызылуына байланысты кейінге шегерілді.

Кейін Күдебаев сот отырысына тағы да келмей қалған соң, прокурор оған қатысты қылмыстық істі тоқтата тұрып, халықаралық іздеу жариялауды сұрады. Судья қолда бар ақпаратқа сүйеніп, Серік Күдебаев 23 наурызда Қырғызстанның мемлекеттік шекарасынан өтіп, сол күні "Манас" әуежайынан Түркияның Стамбұл қаласына ұшып кеткенін мәлім етті.

Ал Қазақстанның Шекара қызметі генералдың мемлекеттік шекараны ресми өткізу пункттері арқылы кесіп өтпегенін хабарлады.

Кейінірек Бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев Серік Күдебаевтың Қырғызстан шекарасын кесіп өтіп, Түркияға ұшып кеткенін растап, Түркия тарапымен тиісті жұмыстар басталғанын мәлім етті.

Сондай-ақ Күдебаевтың елден қашып кетуіне байланысты қылмыстық іс қозғалды.

27 сәуірде Серік Күдебаев ұсталып, елге жеткізілді.

Ал 28 сәуірде сот үкімімен ол 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған құқық қорғау және мемлекеттік органдарда қандай да бір лауазым иеленуге 10 жылға тыйым салынды.

Бұдан бөлек, сот Серік Күдебаевты полиция генерал-майоры арнайы атағынан айырып, сонымен қатар президент атына оны мемлекеттік наградаларынан ("Даңқ" және II дәрежелі "Айбын") айыру туралы ұсыныс енгізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2026829-serik-kudebaevqa-qatysty-is-boiynsa-sot-keiinge-segerildi/