Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Неге сондай?": Алакөлге демалуға барғандар қоқысқа толы жағалауды көрсетті

Опубликовано:

Жағалау
Алакөл. Фото: Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Жазғы демалыстың қызған шағында Алакөлдің Абай облысындағы жағалауы туристерге толы болады. Алайда демалушылардан соң жағалау қоқыстан аяқ алып жүргісіз күйге түседі. Астана күніне орай жарияланған төрт күн демалыста Алакөлге барған туристер желіде жағалаудың лас күйін видеоға түсіріп, елді тазалықты сақтауға шақырған. Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, шомылу маусымында көл басынан күніне 10 тонна қоқыс шығарылады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Өткен аптада әлеуметтік желіде Алакөлдің Абай облысына қарасты жағалауын ластамауға үндеп, елді тазалыққа шақырған бейнежазбалар тарады.

Сондай бір видео авторының сөзінше, Алакөл жағалауының берекесін кетіріп отырған демалушылардың өзі.

"Бізде мәдениет жоқ. Әне бөтелке, темекінің қалдықтары барлық жерде шашылып жатыр. өзімен бірге алып кетуге болады ғой. Қандай әдемі табиғат, қандай көл. Осының бәрін қор қылады, сөзім жоқ. Неге сондай? Өз жерін құрметтемей ме, өз жеріне деген махаббаты жоқ адамдармыз ғой", - деген ой түйеді желі қолданушысы.

Видеоға жағалаудағы тазалыққа демалыс аймағының әкімшілігі жауапты деп пікір қалдырғандар да бар.

"Жағалауға әкімшілік қарауы керек қой. Әкімшілік, күзет және қоқыс тазалаушылар болуы керек", "Қоқыс жәшігін жиірек қою керек", " Камералар қойып, айыппұл салса үкімет тарапынан", - дейді желі қолданушылары.

Бұған қатысты Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі пікір білдірді. Өңір басшылығының мәліметінше, коммуналдық қызмет мамандары көл жағасын таңғы сағат 05:00-ден кешкі 22:00-ге дейін тазалайды. Жағалаудың ұзындығы – 3,8 шақырым.

"Жазғы туристік маусымда көл жағалауында санитарлық тазарту жұмыстарымен Үржар ауданы әкімдігінің "Мақаншы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны айналысады. 30-ға жуық жұмысшы жағалау мен арбатты күніне үш рет, тротуарлар, автомобиль жолдарының жиектерін бір рет қоқыстан, тұрмыстық қалдықтардан тазартады", - дейді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы.

Сонымен қатар жағалаудағы санитарлық тазалықты сақтау мақсатымен жаңадан қосымша 200 дана қоқыс жәшігі алынған.

"Бұдан бөлек жағалау мен арбатқа тағы 40 қоқыс жәшігі қойылған. Көл жағасынан күніне шамамен 10 тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылады", - делінген хабарламада.

Әкімдік мәліметінше, Абай облысының ең танымал туристік орны Алакөлдің жағасында күніне 15-20 мың адам демалады. Былтыр бір маусымда шипалы суға түскен туристер саны 1 миллионнан асқан. Ал биыл еліміз бен алыс-жақын шетелдерден келетін демалушылардың саны былтырғы көрсеткіштен де асады деген болжам бар.

Ескерту! Видеода бейәдеп сөз бар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2028137-nege-sondai-alakolge-demaluga-barusylar-qoqysqa-toly-zagalaudy-korsetti-video/

pixel