Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір ай бойы босып жүрміз": Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары су азабын тартып отыр

Опубликовано:

Ақтөбеліктер
Ақтөбе тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде "Батыс-2" ауданындағы бес қабатты үйдің тұрғындары бір айға жуық уақыттан бері сусыз отыр. Дәретханаға дүкеннен су сатып алып құйып отырған көпқабатты үйдің тұрғындары бейнеттен арыла алмай отырғандарын айтып, көмек сұрады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбеде бір ай бойы сусыз қалған көпқабатты тұрғын үй 2017 жылы пайдалануға берілген. Тұрғындардың айтуынша, мұндай қиындықтар 2019 жылдан бар. Тұрғын үйдегі жалғыз су сорғы жиі істен шығады. Биыл 14 шілдеде күйіп кетіп, су тоқтаған.

пәтер
Сусыз отырған үй тұрғыны. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бір ай болды. Судың жоқтығынан босып жүрміз. Балаларды тума-туыстың үйіне жібердік. Көпбалалы үйлерге тіпті қиын. Балалардың киімін тазалау, жуындыруда қандай қиындық болып жатқанын ойлай беріңіз. Бала-шағасын алып, ауылға кетіп қалғандар көп. Қаланың ортасындағы үйде су жоқ. Ыдыс жуа алмайсың. Үйде тұру мүмкін емес. Бұл мәселе шешілмесе қыста жылусыз қалуымыз мүмкін. Әр кабинеттің есігін қағып шаршадық", - дейді сусыз қалған көпқабатты үйдің тұрғыны Салтанат Қуанова.

Бір тамшы суға зар болып отырған үй тұрғындары "Қазақстанның ипотекалық компаниясы" арқылы баспаналы болғандар. Бәрі де бюджет қызметкерлері. Мұнда дәрігерлер мен мұғалімдер, полиция қызметкерлері және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар тұрады. Айлап-жылдап кезекке тұрып, қол жеткізген баспаналары бейнеттен арылмай тұр. Арман болған үйдің жақсылығынан қиындығы көп екенін айтқан тұрғындар жауапты мекемелердің табалдырығын тоздырып шаршағандарын жеткізді.

Жуынатын бөлме
Жуынатын бөлме. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйді күтіп-ұстауға жиналатын ақшаны да компания есепшотына жинаймыз. Квартиранттар сияқтымыз, үйге біреуді тіркеуге отырғызу үшін де солардан рұқсат аламыз. Себебі үйді 20 жылға жалға алдық. 14 шілдеден бастап су келген жоқ. Қазір туысымның үйінде тұрып жатырмын. Су келмегесін дәретхана мен жуынатын бөлменің есігін аша алмаймыз. Иісті тек түрлі химиялық сұйықтықтар құйып басып отырмыз. Ыдыс жуатын бір тамшы су жоқ", - деді тұрғын Индира Байғазина.

Ыдыс жуатын жер
Жуылмаған ыдыс. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазақстанның ипотекалық компаниясының тұрғындарға келтірген жауапсыз әрекетіне жергілікті әкімдік араласуға уәде берді. Айтуынша, ауыз су мәселесі апта соңына дейін шешілуге тиіс.

"Бұл үй КИК-тің иелігінде. ОСИ мен КИК арасындағы дауға Ақтөбе қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің араласуына тура келді. Есепшотта жиналған қаражатты алып, ОСИ төрағасының насос сатып алуына рұқсат КИК-тің астанадағы бас кеңсесінен берілуі тиіс. Тұрғын үй инспекциясы тарапынан тұрғындардың және ОСИ төрағасының шағымына қатысты жауап хат жолданып, ол хат КИК-ке жіберілді. Хатта тұрғын үй мәселесінің шешілуі үшін есеп шоттағы қаражатты ОСИ-дің пайдалануына КИК-тің рұқсат етуі керектігі жазылды. Бұдан бөлек, Тұрғын үй инпекциясы бөлімінің басшылығы КИК-тің Ақтөбедегі өкілдігіне хабарласып, бас кеңсесінен жедел жауап алуға ықпал ету сұралды. Нәтижесінде апта соңына дейін рұқсатқа қол қойылатыны туралы уәде алғанын жеткізді", - дейді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2031883-bir-ai-boiy-bosyp-zurmiz-aqtobede-kopqabatty-uidin-turgyndary-su-azabyn-tartyp-otyr/

pixel