Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Төрт мұғалімнің қазасы: Ақтөбедегі жантүршігерлік жол апатына қатысты сотта жүргізуші көз жасын тыя алмады

Опубликовано:

Сот
Судья. Көрнекі фото: Рixabay.com

Биыл 1 маусымда Ақтөбеге диплом алуға бара жатқан оралдық мұғалімдер мінген көлік жүк көлігіне соқтығысып, салдарынан төрт мұғалім көз жұмған еді. Осы оқиға бойынша бүгін Қобда ауданында сот отырысы басталды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аудандық сотта жантүршігерлік жол апатына қатысты сот отырысында айыптау актісі оқылды. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қаралып жатқан істегі алты жәбірленуші бар. Одан бөлек сотқа марқұм болған төрт мұғалімнің жақындары да қатысты.

Прокурордың мәліметінше, Ақтөбе облысы аумағындағы Самара-Шымкент тасжолында болған жол апаты кезінде Lada Largus көлігі жүк көлігіне соқтығысқан. Салдарынан үш адам оқиға орнында, тағы бір зардап шегуші ауруханада қайтыс болған. Екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханада ем алған.

Сот кезінде жол көлік ережесін бұзған деген айыппен күдікті ретінде танылған 1996 жылғы көлік жүргізушісі жәбірленушілерден жылап кешірім сұрап, жол апатынан кейін ұйықтай алмай жүргенін айтты.

"Ақтөбеге қарай таңғы сағат 6:30 шамасында шықтық. Ішімдік ішкен жоқпын, ұйқым қанық, бәрі жақсы болатын. Жымпитыда жанар-жағармай бекетіне соқтық. Одан кейінгі жағдайлар есімде жоқ. Ауруханада есімді жидым. Болған жайт үшін өкінемін, жәбірленушілерден кешірім сұраймын. Әдейі жасамадым. 110-120 шамасындағы жылдамдықпен жүрдім. Абайсызда болды.

Осы оқиғадан кейін ұйықтай алмаймын. Бұл жағдай кім-кімге де оңай тиген жоқ. Бұрыннан такси қызметіндемін. Табыс көзім сол. Басқа өңірлерге шығып көрген жоқпын, Ақтөбе облысына бірінші рет шығуым", - дейді көз жасын тыя алмаған сотталушы.

Қорғаушы сотталушының кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы бар екенін жеткізді.

Куәгер ретінде сотқа келген марқұм мұғалімнің бірінің туысы қарындасының да бес баласы анасыз қалғанын еске салды.

Қазіргі уақытта куәгерлердің жауабы тыңдалып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032546-tort-mugalimnin-qazasy-aqtobedegi-zantursigerlik-zol-apatyna-qatysty-sotta-zurgizusi-koz-zasyn-tyya-almady/

pixel