Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында жол апатынан қаза болға төрт мұғалімнің өлімі: көлік жүргізушісіне сот үкімі шықты

Жарияланған күні:

Үкім оқып жатқан судья
Үкім оқып жатқан судья. Фото: KAZ.NUR.KZ/Ардақ Ерубаева

Ақтөбе облысында оралдық төрт мұғалімнің өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына қатысты сот үкімі шықты. Жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған көлік жүргізушісі 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Қобда аудандық сотында биыл маусым айында төрт мұғалімнің өліміне әкелген жол апатына қатысты сот отырысы аяқталды.

Мұғалімдер отырған көліктің 27 жастағы жүргізуші А.К. Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.

Одан бөлек сотталушы жәбірленуші тарапқа жалпы сомасы 11 миллион теңге моральдық залалды 30 күн ішінде өтеуге міндеттеліп, жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды.

Ол жазасын қылмыстық атқару жүйесінің барынша төмен мекемесінде өтейді.

Айта керу керек, көлік жүргізушісі Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Үйленген, төрт баланың әкесі.

Қобда аудандық сотының алдында сотталушының анасы өзін жайсыз сезініп, көз жасын тоқтата алмады. Ол жақындарынан айырылған жәбірленушілердің туыстарынан, анасыз қалған балалардан жылап, кешірім сұрады.

"Біз Батыс Қазақстан облысында ауылда тұрамыз. Балам Орал қаласында тұрады. Оқыды, жұмыс істеді. Соңғы үш жылдан бері такси қызметінде жүр. Отбасын өзі асырады. Төрт баласы бар. Үлкені биыл мектепке барады. Кішісі төрт айлық, мүгедектігі бар. Келінім баламен отыр. Балам ішімдік ішпейді, осы уақытқа дейін еш жамандығын естімедік. Абайсызда болған жағдай. Сүрінбейтін тұяқ жоқ.

Бірінші Алладан, екінші қымбат жандарынан айрылған отбасылардан кешірім сұраймын. Өзім де анамын. Сәбилер жетім қалды. Өкініштен өзегің өртенеді. Бәрін де түсінемін. Қайтыс болғандар қатарында менің де балам болатын еді. Көрер жарығы бар екен. Есін білмей екі күн жансақтау бөлімінде жатты.

Әлі де денсаулығы жақсы емес. Аяқ-қолы сынып, басынан зақым алды. Ештеңені есіне түсіре алмайды. Бәрінен кешірім сұраймын", - дейді сотталушының анасы Сандуғаш Кенжеғалиева.

Еске сала кетейік, жол апаты биыл маусымда Орал қаласынан Ақтөбе қаласына барар жолда Ақтөбе облысы аумағындағы Самара-Шымкент тасжолының бойында болған еді.

Жол апаты кезінде Lada Largus көлігі жүк көлігіне соқтығысып, салдарынан үш адам оқиға орнында, тағы бір зардап шегуші ауруханада қайтыс болды. Екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханада ем алды.

Сот отырысында жеңіл көлік жүргізушісі өзіне тағылған айыпты толық мойындап, іс-әрекетіне өкінетінін айтып, жәбірленушілерден кешірім сұраған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2032693-aqtobede-zol-apatynan-qaza-bolga-tort-mugalimnin-olimi-kolik-zurgizusisine-sot-ukimi-syqty/