Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ақтолағай енді болмайды": Ақтөбе облысындағы танымал туристік жер мұнай өндірісіне берілуі мүмкін

Опубликовано:

Республикалық табиғи қорық
Ақтолағай үстірті. Фото: Еркебұлан Аймұратұлының жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысындағы сұлулығына ел тамсанған Ақтолағай үстірті мұнай өндіретін орынға айналуы мүмкін. Үстірт маңындағы жерге мұнай компаниясы қызығып отыр. Бұл мәселеге қатысты жергілікті атқарушы орган өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданы аумағында орналасқан Ақтолағай үстіртінде мұнайды барлау жұмыстары жүрсе, үстірт жарылып, бүлінуі мүмкін. Осылай деп шулаған ақтөбелік белсенділер тарихи, геологиялық маңызы бар республикалық табиғи қорықты қорғап қалуды сұрайды.

"Ақтолағай енді болмайды. Ақтолағайдан мұнай қазады деген жаңалыққа көңілім түсіп кетті. 8 тамызда Миялы ауылында жиын өтіп кеткен. Ауыл ақсақалдарын қалай алдап тұрғаны белгісіз. Ауыл тұрғындары ертең шаң тозаңның астында, таза сусыз, таза ауасыз, өріссіз қалатындарын сезбей де отыр. Миялының айналасында тамаша табиғи ескерткіштер көп. Алдағы уақытта туристік мүмкіндігі жоғары жерлердің жағдайын ойлап отырған адам жоқ. Туристік нысандарға зияны тимеуі керек. Бүкіл әлемге жар салып еліміздің, шетелдік БАҚ арқылы Ақтолағай сұлулығын айттық. Миллондаған ақша жұмсалып, Ақтолағайдың атағын шығарған еңбек қайда кетеді?", - деп жанайқайын жеткізді Ақтөбе өңірінің ішкі туризміне үлес қосып жүрген қоғам белсендісі Еркебұлан Аймұратұлы.

Мән-жайға қатысты аудан әкімдігі өкілдері пікір білдірді. Жергілікті атқарушы орган мұнай компаниясы тарапынан сұраныстың болғанын жоққа шығармайды.

"Ол Қоғалай деген жер. Ауылдан 40-45 шақырым жер. Ақтолағайдан 80-90 шақырым жер. Сұраныс түсті, бірақ қабылданған жоқ әлі. Оның рұқсатын біз емес, министрлік береді. Компания өкілдері Миялы ауылында халықпен кездескен. 10 адамды жұмыспен қамтимыз деп айтқан. Бұл бұрғылау емес, барлау жұмысы. Сол кездесуде әркім өз талабын айтқан. "Мектептің сыртына күрделі жөндеу жасап беріңізші" деген екен, 18 млн теңге бөлуге келіскен. Ұсыныстар қолдау тапқан. Мұнай өндіруге қатысты жер берілген жоқ, белгіленген жоқ", - дейді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Рүстем Раушанов.

Өңірдегі облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы да мәселе бойынша сұраққа жауап берді.

"Энергетика министрлігі аукцион өткізген. Талап бойынша алдымен барлау, зерттеу жұмысы жүргізіледі. Ол кезде 1 немесе 2 ұңғыма қазылады. Қоры бар ма, жоқ па тексеріледі. Қор болса, мемлекеттік қор тізіміне енгізеді. Бұл да министрлікке қарайды. Тізімге енген соң ғана жоба жасалады. Жақын жердегі ауылдарға келіп, түсіндіру, кездесу сол кезде ғана жүргізіледі. Ақтолағай туралы айтар болсам, негізінен қорғалатын аумаққа кіруі керек. Бірақ бәрін министрлік айтады", - дейді Ақтөбе облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Азамат Құдайбергенов.

Ел аузында тараған аңыздарда Ақтолағай борлы үстіртінің кезінде теңіз түбі болғаны айтылады. Миллиондаған жылдық тарихы бар орынның тағдырына қатысты нақты қандай шешім қабылданатыны әзірге белгісіз.

Портал тілшісі бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігіне де ақпараттық сұрау салды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034689-aqtolagai-endi-bolmaidy-aqtobe-oblysyndagy-tanymal-turistik-zer-munai-ondirisine-berilui-mumkin/

pixel