Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларды көшеге қуып шықты": Жамбылда 60-қа жуық жас спортшы далада жаттығуға мәжбүр

Опубликовано:

Жас боксшылар
Далада жаттыққан жас боксшылар. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысы Жалпақсаз ауылындағы жас боксшылар далада жаттығу жасауға мәжбүр. 60-қа жуық балаға өздері дайындық жасап келген ауыл мектебіне кіруге әкімдік тарапынан тыйым салынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Боксқа қатысып жүргеніне бір жылдан асқан Нариман Көпеннің жеткен жетістіктері - бір төбе. Бүгінде ол спорт залында емес, көшеге кілем төсеп шынығуға мәжбүр. Өйткені ол тұратын ауылда спорт кешені атымен жоқ. Айтуынша, өздері дайындық жасап келген ауыл мектебіне кіруге әкімдік тарапынан тиым салынған. Жас боксшы спортшыларға әлі күнге дейін жағдай жасалмағанына қапалы.

"Біз басқа ауылдарға, қалаларға барамыз. Ол жақта жағдай жақсы. Ал бізде жоқ. Біз де солар сияқты штанга көтеріп, жаттыққымыз келеді. Жаттығудан кейін жуынғымыз келеді. Басқа балалардың көзінше далада жаттығатынымызды айтуға ұяламыз. Оны айтқымыз келмейді", - дейді жас спортшы Нариман Көпен.

Нариман сияқты далада дайындалып жүрген ауылдың 60-қа жуық баласы бар. Олар 2 жылға жуық ауылдағы мектептің спорт залында шыныққан. Ал жуырда ауыл әкімдігі "заң талабына сай емес" деп мектепке кіруге тыйым салған. Енді ата-аналары күздің қара суығында "спортшы емес, ауру балалар көбейетін болды" деп алаңдаулы.

"Балаларды көшеге, мына далаға қуып шықты. Біз қашан дамыған мемлекет боламыз? Өз спортшыларымызды қолдай алмаймыз. Спорт зал сұрап бармаған жеріміз жоқ. Бәрінің айтатыны бір – "мен ештеңе шеше алмаймын" дейді. "Қолдарыңыздан келетін дүние болса, өздеріңіз бір күрке соғып алыңыздар" дейді. Мына жастардың болашағы не болмақ? Аудан бойынша тек қана біздің ауылда осылай жаттығады", - дейді Жалпақсаз ауылының тұрғыны Қасым Ермекбаев.

Тұрғындардың сөзінше, спортшы жастардың дайындалуы үшін ауыл әкімдігі далаға шатыр құрып береміз деп уәде берген. Ал аудандық әкімдік өкілдері білім ошағында жұдырықтасу заңға қайшы дейді. Сондықтан спортшыларды далада қалдыруға мәжбүр болған.

"Бокс үйірмесі болғаннан кейін ол жерде ринг құрылуы керек. Соған сәйкес, біз арнайы рұқсат күтіп отырмыз. Біз алдағы уақытта сол мектептің спорт залына 0,5 мөлшерде штаттық бокс үйірмесін ашуды жоспарлап отырмыз. Арнайы рұқсатын алғаннан кейін қайта жаттығуға болады", - дейді Қарақыстақ ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Исатай Омаров.

Жергілікті билік өкілдері Жалпақсаз ауылында спорт кешені 3 жылдан кейін соғылады деп жоспарлап отыр. Оған дейін спорт залға жарымаған жасөспірімдер далада шынығып, амалдай тұруға мәжбүр.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2034760-balalardy-kosege-quyp-syqty-zambylda-60-qa-zuyq-zas-sportsy-dalada-zattyguga-mazbur/

pixel