Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ: президент тапсырмасы қалай орындалуда

Жарияланған күні:

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасындағы оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

1 қыркүйектен бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық аймағында әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сынып оқушылары тегін тамақтануда. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы орайда Алматы облысындағы мектептердің бірінде болып, бастауыш сынып оқушыларына тегін тамақ қалай ұйымдастырылғанын көріп қайтты.

Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы № 45 мектеп-гимназиясында бастауыш сынып пен аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушыларды қоса алғанда күнделікті 751 бала тегін тамақтанады.

мектеп асханасы
Мектеп асханасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Бірінші ауысымда оқитын балалар екінші сабақтан кейінгі үзілісте асханаға келді. Әр топты сынып жетекшісі бастап келді. Балалар кезекпен қолын жуып, үстел басына жайғасты. Асханада әр сыныптың өз орны белгіленген. Тамақ ішуге 15 минут беріледі. Оқушылардың келесі легі үшінші сабақтан кейінгі үзілісте ауқаттанады.

асханадағы оқушылар
Мектеп асханасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мектеп директоры Жанаргүл Әбдіхалықованың айтуынша, мектепте 1262 оқушы білім алса, оның 577-і бастауыш сынып оқушылары. Ал асханада бір мезгілде 150 оқушы тамақтана алады.

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасындағы оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Балаларға бұл күні балық етінен жасалған котлет, гарниріне күріш, сондай-ақ алма және жеміс компоты берілді. Осы тағамдардың жалпы құны ас мәзірінде 500 теңге деп көрсетілген.

ыстық тамақ
Ыстық ас. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Талғар аудандық білім бөлімінің әдіскері Айнұр Бидасованың айтуынша, екі апталық ас мәзірі облыстық білім басқармасында бекітілгендіктен өңір бойынша барлық мектепте бірдей.

мектеп асханасындағы оқушылар
Мектеп асханасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мектеп басшылығы асхананы жалға алған мекемемен осымен үшінші жыл бірге жұмыс істеп келеді.

Мектеп директоры.
Мектеп директоры. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

"Мұнда оқушылардың дұрыс тамақтануына қажетті барлық азық-түлік өнімі қарастырылған. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін асханаға кезекшілік қойылды. Санитарлық ережелер мен талаптарға сай жабдықтар бар. Тамақ сапасын бракераж комиссиясы, ата-аналар комитеті, қамқоршылық кеңес мүшелері бақылау жүргізіп отырады. Ас мәзірі мен асхананың санитарлық талапқа сәйкестігі, асхана қызметкерлерінің қызмет көрсету барысы мен сапасы, шикізаттың жеткіліктігі, дайын астың сапасы, ас мәзірі бойынша дайын ас көлемінің сәйкестігі қаралады. Мектеп медбикесі ас сақтайтын қоймаларды және тоңазытқыштарды тексеріп отырады", - дейді мектеп басшысы.

асхана
Мектеп асханасы. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Айта кетейік, биыл 1 қыркүйектен бастап мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша аз қамтылған отбасыдан шыққан 1,5 млн астам оқушы және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан 1-4 сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылды.

Бұған дейін Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Атырау облыстарының бастауыш сынып оқушылары мектепте тегін тамақтанатын.

мектептегі тегін тамақ
Мектеп оқушылары. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда тегін тамақтану құны орта есеппен 577 теңгені құрайды, ал ең жоғары баға мөлшері Алматы қаласында - 800 теңге.

асхана
Мектеп асханасында сапқа тұрған оқушылар. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2035822-bastauys-synyp-oqusylaryna-tegin-tamaq-prezident-tapsyrmasy-qalai-oryndaluda-foto/