"Жұмыс істеуге келдік": Асхат Шахаров ақтөбелік шенеуніктерді бір көлікке мінгізіп, аудан аралады
Жарияланған күні:
Осыған дейін екі жыл Ақтөбе қаласын басқарған Асхат Шахаров облысқа басшы болып келді. Жаңа әкімнің жоспары қандай? Өңірде кадрлық ауыс-түйіс жасай ма? Ақтөбе облысының әкімі бұл сұрақтарға журналистермен ауданға сапарында жауап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Қарғалы ауданына жұмыс сапары кезінде тілшілермен бір көлікке мініп, жоспары туралы айтты. Өңірдің жаңа басшысының алдағы уақытта өзімен бірге жұмыс істейтін қызметкерлерге қоятын талабы бір.
"Кадр мәселесінде талап бір - адал қызмет ету. Бөліп жаратын ештеңе жоқ. Ел бір. Қазір барлық қызметкерлер өз орнында отыр. Алдағыны уақыт көрсетер. Жұмыс істеуге келдік", - дейді Асхат Шахаров.
Осыған дейін бір-бір машина мініп жүрген басқарма басшылары да Қарғалы ауданына сапарда бір көлікке мінді. Шенділер Қарғалы ауданындағы егін жинау науқанымен танысып, диқандармен тілдесті. Картоп, балық өсіріп отырған шаруалар жұмысымен танысып, Қарғалы су қоймасын аралады.
"Мемлекет басшысы биылғы жолдауда даму бағытымызды шегелеп берді. Біз экономиканы күшейтіп, логистиканы нығайтуымыз керек. Яғни шикізат емес, дайын тауар шығарамыз, сатамыз. Сауда-саттық үшін Ақтөбенің әлеуеті жоғары. Бізде шығарылатын ауыл шаруашылығы өнімін сыртқа тасымалдауға мүмкіндік мол. Инвесторлар үшін тартымды салалар да айқындалып жатыр. Тау-кен, мұнай-газ ғана емес, ірі ауыл шаруашылығы кешендері де табысты сала. Сонымен бірге шағын және орта бизнес жақсы дамып келеді. Адамдар қазір бір кереметті күтіп отырмай, ақша табудың жолын үйреніп, кәсіп бастап жатыр. Ол құптарлық іс. Мемлекеттен әрдайым қолдау бар. Ал газ, су, жол салу мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатыр. Ауылды ауыз сумен қамту жұмысы жүйелі жүргізіледі. Елімізде 2025 жылға дейін барлық елдімекен тіршілік нәрі қамтылады деген жоспар бар екенін білесіздер. Сонымен бірге болашағы бар ауылдар газбен қамтылады. Ол үшін жоспар да әзір. Экономика, ауыл шаруашылығы деп даму жағын ғана ойлап кетпей, жастарымыздың бос уақытын да тиімді өткізу маңызды" - дейді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, бұған дейін дюзюдодан әлем чемпионатының қола жүлдегері, самбодан үш дүркін әдем чемпионы атанған Асхат Шахаров KAZ.NUR.KZ берген сұхбатында қалай шенеунік болғанын айтып берген еді.
44 жастағы әкім 2020-2022 жылдары Ақтөбе қаласын басқарды. 2022 жылы президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметінде болды.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037084-zumys-isteuge-keldik-asxat-saxarov-aqtobelik-seneunikterdi-bir-kolikke-mingizip-audan-aralady/