Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтөбе облысында қаланың қақ ортасындағы саябақ неге тозып тұр: аудан әкімі жауап берді (фото)

Опубликовано:

саябақтағы ескерткіш тақта
Саябақтағы ескерткіш тақта. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласының тұрғындары қала орталығындағы саябақтың қараусыз қалғанын айтып, желіге видео жариялады. Олар демалыс орнындағы ескерткіш тақтаның қирап, саябақ аумағы қоқысқа толғанын көрсетті. Одан бөлек, тұрғындардың сөзінше, ішімдікке үйір адамдар саябақты жиналатын орынға айналдырған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында орналасқан саябақтың бүгінгі көрінісі әлеуметтік желіде жарияланды.

саябақ аумағы
Саябақ аумағы. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

"Бізде саябақта не бар? Мынадай темір бар. Онда балаларға ойнауға келмейді. Бірақ балалар осыған ілініп тұрады. Себебі бұл жерде басқа ойнайтын ештеңе жоқ. Осы жерге балалар алаңқайын салып берсе екен. Камера қойып, бүлдіргендерге айыппұл салсын. Ана жақтың бәрі қоқыс. Саябақтың Торайғыров көшесі жағында қоқыс үйіліп тұр. Осы жерде ішімдікке үйір адамдар жатады. Әкімдіктің қолға алуын сұраймыз. Мынау масқара! Қандыағаштың қақ ортасындағы саябақ. Қаламыздың ескі бөлігінде балалар ойнайтын жер жоқ. Саябақ қоқысқа толып тұр. Біз бірнеше рет жаздық. Ешқандай нәтиже жоқ",- дейді видео авторы.

қоқыс
Саябақ аумағы. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

Видео авторын басқа да Қандыағаш тұрғындары қолдап, жергілікті билік өкілдерінен тозып кеткен демалыс орнын қолға алуды сұрады. Олар балалар ойнайтын алаңға зәру екендерін жазуда.

"Ішінде жарық жоқ, түнде өтсең қорқынышты", "Иттер де толып жүреді", " Кешкісін балаларды ойнату үшін шағын аудан жаққа, болмаса вокзал жаққа бару керек. Осы саябақты қолға алып, балаларға спорттық ойын алаңын салып берсе екен", - дейді видеоға пікір білдірген тұрғындар.

Осыған дейін аудандық мәдениет үйінің меншігінде болған саябақтың тозып тұрғанын аудан әкімдігі де мойындады.

саябақ аумағы
Саябақ аумағы. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

"Бұл саябақ осыған дейін дұрыс ретке келтірілмеген. Қазір қаланың балансына беріп, мердігерді анықтап жатырмыз. Азып тұрғаны рас. Тазалау жұмыстарын жүргіземіз. Вандалдар сындырған орындарды ретке келтіреміз", - деді Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов.

Аудан әкімдігі ескі саябаққа 2024 жылы жөндеу, қалыпқа келтіру жұмыстарын жасауды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Мұғалжар Ақтөбе облысындағы әлеуеті зор аудандардың бірі. Онда 20-дан аса өндірістік мекеме бар. Облыста өндірілетін газдың басым бөлігі де осы Мұғалжар ауданының үлесінде.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037702-aqtobe-oblysynda-qalanyn-qaq-ortasyndagy-sayabaq-nege-tozyp-tur-audan-akimi-zauap-berdi-foto/

pixel