"Алладан қайтсын": Павлодар облысында ауыл тұрғындары картопты тегін теріп алуда
Жарияланған күні:
Әлеуметтік желіде Павлодар облысы Ақтоғай ауданында тау болып үйіліп жатқан картоптың видеосы тарады. Бейнежазба авторының сөзінше, ол жерден кез келген адам өзіне керекті мөлшерде картопты тегін алып кете алады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Павлодар облысында тау болып үйіліп жатқан картоп желі қолданушыларының қызығушылығын тудырды. Видео авторы ол жерден картопты керегінше теріп алуға болатынын айтады.
"Павлодар облысы Ақтоғай ауылында тегін картоп. Шынын айтқанда, ұсақтау, бірақ ірісін де табуға болады. Кесілген, шабылған, жарамсыздары да бар. Сонда да теріп алуға келдік. Қожайыны жарады. Халыққа тегін беріп жатыр. Ел қапқа салып әкетіп жатыр", - дейді автор.
Желі қолданушылары өнімнің иесіне алғыс білдіруде.
"Картоптың иесі қоқысқа тастамай, адамдарға бергені жөн екен", "Алладан қайтсын еселеп, сауап болсын иесіне", "Ол жыл сайын сөйтеді", "Мейлі, ұсақ болса да, бастысы картоп", "Бізге де 1 қап картоп керек еді", - деп жазған желі қолданушылары пікірде.
"Тегін картоп" Ақтоғай ауданындағы ауыл шаруашылығы өнімін дайындайтын кәсіпорынға тиесілі болып шықты.
Ақтоғай аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Қалтайұлының айтуынша, бұл өнімдер "Ақтоғай агро" кәсіпорынының өндірістік қалдықтары.
"Бұл облыс бойынша ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорынның қасында арнайы жер бар, сол жерде өздері картопты сұрыптап алады. Ал сақтауға келмейтін соғылған, кесілген картопты жергілікті халыққа ыңғайлы болуы үшін сол жерге жинап қояды. Ауыл тұрғындары келіп, іріктеп ала береді. Ал одан қалғанын жинап, қоқысқа жібереді", - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Аудан әкімдігінің дерегінше, ауданда жылына 20-30 мың тонна картоп өндіріліп, өзге өңірлерге жіберіледі, тіпті Өзбекстан мен Ресейге экспортталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2037981-alladan-qaitsyn-pavlodar-oblysynda-auyl-turgyndary-kartopty-tegin-terip-aluda/