Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астанада баспалдақтан құлап кеткен балаға жедел жәрдем неге ұзақ жетті: Ажар Ғиният түсіндірді

Опубликовано:

Жедел жәрдем
Жедел жәрдем. Көрнекі фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният үкіметте өткен брифингте жедел жәрдемнің Астана мектептерінің бірінде баспалдақтан құлаған балаға неге ұзақ жеткенін түсіндірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер Ажар Ғинияттан шақыртудан соң жедел жәрдемнің 30 минуттан кейін ғана келгені туралы түсініктеме беруін өтінді.

"Жедел жәрдем шақырылған кезде баланың құлап қалғаны, денесінің көгергені, жарақат алғаны туралы қоңырау келіп түсті. Сондықтан жедел жәрдем осындай уақытта келді. Жедел жәрдемнің шығуы мен келуінің нақты реттелген мерзімі бар.

Тәулігіне 10 мың жедел жәрдем шақырылады, арнайы дайындалған мамандар, диспетчерлер кімге 3 минут қажет, ал кімге 20 минут ішінде келуге болатынын бағалайды. Бұл жағдай осылай қарастырылды", - деп түсіндірді министр.

Министрдің айтуынша, одан әрі тексеру кезінде балаға бас миының жарақаты деген диагноз қойылған.

"Бүгінде оның жағдайы тұрақты, мамандандырылған бөлімшеде жатыр. Кеше дәрігерлердің кеңесі өтті, балаға шұғыл ота қажет емес. Бала әлі де бақылауда болады", - деді Ажар Ғиният .

Еске сала кетсек, бұған дейін елордалық мектептердің бірінің оқушысы баспалдақтан құлап, ауыр жарақат алғанын жазған болатынбыз.

Астана қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жарақат алған мектеп оқушысының жағдайы туралы айтты.

Сондай-ақ балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева құқық қорғау органдарының мектеп басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.

Кейін оқыс оқиға болған мектеп директорының жұмыстан босатылғаны белгілі болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038158-astanada-baspaldaqtan-qulap-ketken-balaga-zedel-zardem-nege-uzaq-zetti-azar-giniyat-tusindirdi/

pixel