Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жамбыл облысында мал арасында белгісіз індет тараған

Опубликовано:

өлексе
Өлексе. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

Жамбыл облысы Талас ауданындағы Майтөбе ауылында төрт түлік белгісіз індеттен қырылып жатыр. Аурудың нақты неден екенін аймақтық басқарма анықтай алмай, талдамасын Алматыға жіберген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Майтөбеліктер өлген ірі қараның өлексесін санап әуре. Бүгінде қырылған тұяқтылардан сиыр саны 30-дан асса, ұсақ мал 100-ге жуықтаған. Ауылдықтар аты белгісіз аурудың үш жыл бұрын шыққанын айтады. Қазір кеселден мал біткеннің ыстығы көтеріліп, қанды зәр шығып, шетінен құлап жатыр.

"Отыз сиырдың 28-і өліп, екі сиыр ғана қалды. Барлық жерде мал өліп жатыр. Бір малдың дәрісіне 50 мың теңгеден көп кетеді. Оның бәрін қалай емдейміз? Сиырлар аяғына тұра алмайды, аяқтары ұйып қалған. Малмен күн көріп отырмыз ғой. Енді не болмақ?", - дейді Майтөбе ауылының тұрғыны Бақытжан Туғаналиев.

Ата кәсіппен айналысқан ауылдықтардың мал дәрігерлеріне өкпесі қара қазандай. Мамандар әлі күнге ауылды жайлаған аурудың атын білмейді дейді.

өлексе
Өлексе. Фото: ауыл тұрғынының жеке мұрағатынан

"Сиырдың ауру екенін білмей, сауып ішіп жатқандар бар. Ертең сиыр сүтін ішкеннен кейін малды қойып, адамдар ауырса не істейміз? Сондықтан дизенфекция жасамаса болмайды! Бұл кене арқылы да, шөп арқылы да, су арқылы да жұғуы мүмкін. Ал мұны алдын алып, дабыл қағуы тиіс жоғары жақтағылар еш тірлік жасап жатқан жоқ", - дейді майтөбелік Рима Әбдиева.

Малға жауапты мамандар сиырларды серейтіп құлатқан сары ауру болу мүмкін дейді. Аурудың нақты неден екенін аймақтық басқарма анықтай алмай, талдамасын Алматыға да жіберген.

"Әзірге 5-6 сиырдың ғана өлгені тіркелді. Өйткені тұғындардың көбі өлген малдарының тұлыбын көрсетпеді. Менің тұжырымымда бұл лептоспироз, ол дегеніміз – сары безгек. Жалпақ тілде "сары ауру" деп атап жүрміз. Шынымды айтсам, біз қандай диагноз қоярымызды білмей отырмыз. Сараптама алған Алматыдағы референс-орталықтың жауабын күтеміз", - дейді Талас аудандық ветеринариялық станцияның директоры Жарқын Қалмаханов.

Қазір малмен жан баққан ауылдықтар төрт түлігіне өз бетінше ем жасап әлек. Ал бәрінен бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы несиеге сиыр сатып алған шаруаларға қиынға соғуда. Әзірге ауылда ауру түрі белгісіз болғандықтан карантин жарияланбайды.

Автор: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2038482-zambyl-oblysynda-mal-arasynda-belgisiz-indet-taragan/

pixel