Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір апта бұрын тергеу изоляторында аштық жариялаған Ақтөбе облысы экс-әкімінің денсаулығы нашарлап кеткен

Жарияланған күні:

Ермек Имантаев
Ермек Имантаев. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының әкс-әкімі, "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бұрынғы басшысына қатысты сот ісі соңғы сатыда тоқтап қалды. Жоғарғы сот төрағасы және бас прокурормен кездесуді талап еткен Ермек Имантаев тергеу изоляторында жатып аштық жариялады. Әйелінің айтуынша, әлсіреп, орнынан тұра алмай қалған экс-шендіні түрмеде туыстарымен кездесуге зембілмен алып шыққан, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Имантаевқа қатысты іс Қылмыстық кодекстің "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу" бабымен қаралып жатыр. Оған мемлекетке жалпы көлемі 199,4 млн теңге шығын келтірді деген айып тағылды.

Сотта қаралып жатқан қылмыстық іс айыпталушыдан жауап алу сатысында тоқтап қалды. Ол 28 қыркүйек күнгі сот отырысында тергеу барысына наразы екенін, Жоғарғы сот және бас прокурормен кездесуді талап етіп аштық жариялайтынын хабарлады. Ол өз қорғаушысынан бас тартып, мемлекеттік қорғаушы тағайындауды сұраған еді. Келесі күнгі, яғни, 29 қыркүйеттегі сот отырысында судья мемлекеттік қорғаушыны шақырды. Бірақ айыпталушы сот залына келген жоқ. Сот отырысында судья айыпталушының денсаулығының нашарлағанын растайтын тергеу изоляторының дәрігерлері берген анықтаманы оқыды. Әйелі де оның денсаулығы нашарлағанын айтты.

"Ермек Имантаев 28 қыркүйектен бастап құрғақ аштық жариялады. Жеті тәулік өтті. Денсаулығы нашарлап кетті. Есінен танып қалған. Аузына су құйды. 4 қазан күні кездесуге барғанда зембілмен алып шықты. Ол прокуратура, сот өкілдерінен істі қайта қарауды сұрайды. Тергеу жұмыстарын заң аясында қайта қаралу керектігін айтты. Бүгін кездесуге тағы барамын", - деді сотталушының әйелі Ләйла Имантаева.

Әйелінің айтуынша, Ермек Имантаев, бір аптадан бері ас-судан бас тартқан. Әлсіреп, есінін танып қалғаннан кейін 4 қазаннан бастап су берген. Сотталушы тергеу изоляторындағы медицина қызметкерлері мен психологтардың бақылауында.

Еске салсақ, Имантаев жер телімдерін төмен бағада өткізді деп айыпталған еді. Ол "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы болған тұстағы іс-әрекеттері үшін жауапқа тартылды. Сотталушы Ақтөбе мамандандырылған сотының қаулысымен ақпан айынан бері қамауда отыр.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039622-bir-apta-buryn-tergeu-izolyatorynda-astyq-zariyalagan-aqtobe-oblysy-eks-akiminin-densaulygy-nasarlap-ketken/