Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстаннан жаяу шыққан 73 жастағы ұлытаулық жиһанкез Анкараға жетті

Опубликовано:

Сәрсенбай Қотырашов
Cаяхатшы Сәрсенбай Қотырашов. Видеодан кадр: youtube.com/@Khabar24

Жезқазған қаласынан әлемді аралауға жаяу шыққан жиһанкез қария Сәрсенбай Қотырашев Түркия астанасы Анкараға жетті. 3 мың шақырымды бағындырған отандасымыз саяхатын Ыстамбұлда тәмәмдайды, деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Жиһанкез Сәрсенбай Қотырашевтың өзгелерден ерекшелігі әлемді арбамен жаяу аралайды. 73 жастағы ақсақал ауа райының ыстық-суығына төзіп, тау мен тасты аралап, күніне 40 шақырым жаяу жүреді. Оның күнделікті жоспары осындай. Ауа райы құбылса бірер күн аялдап алады. Жиһанкез Түркия астанасына дейін шаршамай келген. Ендігі бағыты - көне шаһар Ыстамбұл.

"Келесі мақсатым - 9 мемлекетті аралап шығу. Мұндағы мақсатым, дүниежүзіні бейбітшілікке шақыру, екіншіден саяхат кеш емес. Әрқашан да жасқа қарамайды. Үшінші мақсатым, денсаулығыңды күшейтемін десең кемінде 7 км жаяу жүру керек. Одан кейінгі мақсатым, Қазақстанның тарихын, қазақ халқы бар екенін, қазақ ұлты бар екенін, қазақ мемлекеті бар екенін қол дәуірінен біздің эрамызға дейін түсіндіріп айту", - дейді жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев.

Телеарна мәліметінше, жиһанкез қария жол-жөнекей әр өңірдің салт-дәстүрімен, мәдениетімен етене танысқан. Оның шетелдегі тұңғыш сапары 3 мың шақырым болған. Жиһанкез жолда болған қызықты оқиғаларымен бөлісті.

"Бұл жақта асу көп. Ал Түркиядағы асулар 3160 метрге дейін барады екен. Сол жерде өтерде екі көзім қызарып, екі құлағым бітіп зуылдап, тамағың кеуіп, қалжырап өтеді екенсің. Қалжырап, қажыған ештеңе жоқ. Алланың берген қуаты. Екінші халықтың қолдауының арқасында мұндай туннельдерден аман өттім", - деді жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев.

Немере өсіріп, шөберенің алақанынан су ішіп отырған Сәрсенбай Қотырашев миссиясын орындаған соң елге оралып, отбасымен қауышуға асық. Жиһанкез келер жылы 9 мемлекетті аралауға ниетті.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында әлемді жаяу аралауға шыққан 73 жастағы қазақстандық жиһанкез Сәрсенбай Қотырашев Грузияға жеткенін хабарлаған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039643-73-zastagy-zezqazgandyq-zihankez-zayau-zurip-ankaraga-zetti/

pixel