Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайғылы оқиғалар жалғасуда": Алматы полициясының бастығы қала тұрғындарына үндеу жасады

Опубликовано:

Самокат айдап кетіп бара жатқан адам
Самокат айдап кетіп бара жатқан адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Алматыда мопед және самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткен. Осы орайда қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ қалалық ПД-ның желідегі парақшасына сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, Алматы жолдарында 50 мыңнан астам мопед пен самокат жүйткіп жүреді, тиесінше қалада жол-көлік оқиғалары да көбейген.

Жыл басынан бері самокаттардың қатысуымен 25 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 2 адам қаза тауып, 27 адам жарақат алған.

"Ішкі істер министрлігі қабылдаған шаралар самокаттардың жұмысына қатысты жағдайды біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді: жас шектеулері белгіленді, міндетті түрде қорғаныс құралдарын пайдалануға және жолаушыларды тасымалдауға талаптар қойылды. Алайда қайғылы оқиғалар жалғасуда", - дейді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров.

Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, мысалы, күні кеше ғана туысы самокат айдауға рұқсат берген 13 жастағы жасөспірім қаза болған. Жасөспірім қалаға жаңадан келген және үлкен қаладағы көлік қозғалысына бейімделмеген. Салдарынан самокат тізгіндеген жеткіншекті жүк көлігі қағып кеткен.

Полиция бастығының сөзінше, мопедтерге де қатысты жағдай мәз емес. Жыл басынан бері мопедтердің қатысуымен 292 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 14 адам қаза болса, былтыр 2 адам қаза тапқан.

Арыстанғани Заппаров келтірілген статистика алаңдатарлық жағдай екенін, сондықтан жол қозғалысына қатысушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақыратынын жеткізді.

"Ата-ана баласының қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті толық сезінуі қажет: қылмысқа немқұрайлылық танытпаңыз, балаңызды қорғаңыз, өзіңіз үлгі болып, заңға құрметпен қарауды үйретіңіз", - дейді Арыстанғани Заппаров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2039710-qaigyly-oqigalar-zalgasuda-almaty-policiya-departamentinin-bastygy-qala-turgyndaryna-undeu-zasady/

pixel