Ақтөбе облысының экс-әкімі Ермек Имантаев 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Жарияланған күні:
Тергеу абақтысында жатып аштық жариялаған Ақтөбе облысының экс-әкімі, "Ақтөбе" әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясының экс-төрағасына қатысты сот үкімі шықты. Ермек Имантаевқа 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Бүгін Ермек Имантаевқа "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы болған тұстағы іс-әрекеттеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сот актісі жарияланды.
"Ермек Имантаев Қылмыстық кодекстің 189 бабы 2 бөлігі 4 тармағы бойынша айыпты деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Оған өмір бойы мемлекеттік қызметте, сотта, жергілікті атқарушы билікте, Ұлттық банкте, қаржы саласында, квазимемлекеттік органдарда жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айыру жазасы тағайындалсын. Жазасын өтеу орны қауіпсіздігі орташа түзету мекемесі деп белгіленсін", - деді судья Теміржан Алданов.
Сондай-ақ судья "Ақтөбе" ӘКК-нің арызын қанағаттандырып, Имантаевтан 199 млн 400 мың теңге өндіру туралы шешім шығарды. Сотталушы баж салығына 5,9 млн теңге төлеуге міндеттелді. Аталған шығын азаматтық арыз бойынша сот үкімі заңды күшіне енгеннен бастап 10 күнде өтелуге тиіс.
Қылмыстық іс 30 томдық. Іске қатысты 40 куәгерден жауап алынды.
Сот істеріне сүйенсек, Ермек Имантаев "Ақтөбе" ӘКК басқарма төрағасы бола тұра, "Садовое" тұрғын үй алабында орналасқан көлемі 24 га жер учаскесін бағасын 10 есе түсіріп заңсыз түрде сатқан.
"Сотталушы жердің нарықтық құнын қасақана 20 млн теңгеге дейін төмендетіп, жер учаскесі туралы жалған ақпарат ұсынып, төлемдің жасалмағанына қарамастан жалған сатып алушы С.-мен заңсыз сатып алу-сату келісімшартын жасаған.
Әрі қарай, жер учаскесі жалған тұлға С.-қа қайта рәсімделіп, жердің нысаналы мақсаты "жеке тұрғын үй құрылысынан" "көпқабатты тұрғын үй құрылысына" өзгертілді. Жалған тұлға С.-мен жердің 17,2 га көлеміндегі бөлігі Батыс-3 мөлтек ауданындағы 4 жер учаскесіне кейін тұрғын үй салушыларына сату үшін айырбасталған.
Ермек Имантаевтың тапсырмасымен жалған тұлға С. жоғарыда аталған Батыс-3 мөлтек ауданындағы 3 учаскесі және "Садовое" тұрғын үй алабындағы қалған 2,3 га көлеміндегі жер учаскесі үшінші тұлға К.-ге қайта рәсімделген.
Жер учаскесін заңсыз сатқан Имантаев АҚ тұлғасы ретінде мемлекетке 199,4 млн теңге сомасына аса ірі мөлшерде залал келтірді", - делінген соттың хабарламасында.
Прокурор соттан Ермек Имантаевқа мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.
Сотталушы Ермек Имантаев өз кінәсін мойындаған жоқ.
Еске салсақ, Ермек Имантаев 28 қыркүйек күнгі сот отырысында Жоғарғы сот төрағасы және бас прокурормен кездесуді талап етіп, құрғақ аштық жариялағанын хабарлады. Ол өз қорғаушыларынан бас тартып, мемлекеттік қорғаушы тағайындауды талап етті. Судья сотталушының мемлекеттік қорғаушы сұрау өтінішін қанағаттандырды. Кейін денсаулығы әлсіреп қалған экс-шенді сотқа келген жоқ. Жұбайы оның 4 қазаннан бастап су іше бастағанын айтты.
Айта кетейік, сотталушы Ақтөбе мамандандырылған сотының қаулысымен ақпан айынан бері қамауда.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040419-aqtobe-oblysynyn-eks-akimi-ermek-imantaev-8-zylga-bas-bostandygynan-airyldy/