Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арыста мәслихат депутаты саябақ салдырып, оған өмірден өткен бауырларының есімін берді

Опубликовано:

саябақтың ашылуы
Саябақтың ашылуы. Видеодан кадр: Instagram/Арыс қаласы әкімдігі

Арыста серуендеуге және жайлы демалысқа, сондай-ақ спортпен шұғылдануға арналған жаңа саябақ ашылды. Демалыс саябағы Арыстың тумасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетовтың демеушілігімен салынды. Саябаққа оның Нұржан және Мейіржан деген марқұм бауырларының есімі берілген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Арыс қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа демалыс орнының салтанатты ашылуына қала әкімі Гүлжан Құрманбековамен бірге Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетов қатысып, жұртшылықты жаңа саябақтың ашылуымен құттықтаған.

"Бүгінгі күні Арыс өлкесінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға өлшеусіз үлесін қосып келе жатқан осында туып өскен есімі елге тараған атақты меценаттардың бары белгілі. Осындай тамаша кешеннің салынуына демеуші болған жерлесіміз Ержан Төлебекұлына шынайы алғысымызды білдіреміз", - дейді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.

Арыс әкімдігі баспасөз қызметінен белгілі болғандай, жаңа демалыс саябағы Арыстың тумасы, облыстық мәслихат депутаты Ержан Қосмамбетовтың демеушілігімен салынған. Саябақтың жалпы аумағы - 1 га. Мұнда қазірдің өзінде 450 түп тал егіліп, айналасы абаттандырылған. Түрлі-түсті шамдар орнатылып, аяқ жолдар төселген. Сонымен қатар заман талабына сай 1 баскетбол, 1 футбол алаңшасы қойылған. Бұдан бөлек жаттығу құрылғылары орнатылған спорт алаңы салынды. Ал балаларға базарлық ретінде ойын алаңдары да орнатылды. Сондай-ақ жайлы орындықтар қойылып, келушілердің демалуына жағдай жасалынған.

Әкімдік өкілінің ұсынған мәліметінше, саябаққа есімі берілген ағайынды Мейіржан және Нұржан Қосмамбетовтер жанашырлығымен, игі істерімен арыстықтар есінде қалған жандар.

"Мейіржан Төлебекұлы Қосмамбетов 1971 жылы өмірге келіп, орта мектепті "Алтын белгімен" аяқтап, Алматыдағы Халық шаруашылығы институтына түсіп, жоғарғы оқу орнын үздік бітірді. Тәуелсіздік алған жылдары халықтың қорғаушысы, әлсіздің жанашыры бола білді. Мейіржан бауырымыздың досқа адалдығын, жақсылықты ұмытпайтындығын, тура сөзділігін көз көргендер әліде сағынышпен еске алады.

Ал Нұржан Қосмамбетов жастайынан спортқа бейім болып, КСРО спорт шебері, білікті бапкер Марат Жақсыбаевтың қолында шеберлігін шыңдаған. Б.Момышұлы атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Шымкент қаласындағы дене шынықтыру институтын абыроймен аяқтаған. Өмірдің бүгінгі талабына сай арнайы компания құрып, құрылыс саласында көптеген игі жұмыстар атқарған. Спорт кешені, көп қабатты тұрғын үй кешенін тұрғызып, ел игілігіне берген. Бауырымыз өзі салдырған үйлерден 12 пәтерді мұқтаж отбасыларға тегін үлестірген", - деп атап өтті қала әкімдігінің баспасөз қызметінің өкілі.

Автор: Жанар Пердешқызы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040265-arysta-maslixat-deputaty-sayabaq-saldyryp-ogan-omirden-otken-bauyrlarynyn-esimin-berdi/

pixel