Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Израильдегі қазақстандықтар елге оралды

Опубликовано:

Алматы әуежайы
Алматы әуежайы. Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Израильдегі соғыс жағдайына байланысты қазақстандықтарды эвакуциялау үшін Тель Авивтен ұшқан Air Astana-ның арнайы рейсі Алматы әуежайына қонды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Израильден қазақстандықтарды алып кеткен Air Astana ұшағы Алматы халықаралық әуежайына қонды.

Елге оралған азаматтардың туыстары мен журналистер келгендерді қарсы алды.

КТК телеарнасының хабарлауынша, ұшақ Кипр, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Түркіменстан және Өзбекстан аумағының үстінен ұшып өткен. Кейін ұшақ жанармай құйып, жаңа экипажды қабылдау үшін Ақтауға қонды. Ол жерде жолаушылар түсірілген жоқ.

Сыртқы істер министрлігінің өкілдері бұған дейін хабарлағандай, ұшақта 166 жолаушы бар: 124 Қазақстан азаматы және 42 шетелдік.

Сонымен қатар бортта "Болашақ" бағдарламасы бойынша өндірістік тәжірибеден өткен 14 студент бар.

"Болашақ" бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өткен 14 қазақстандық жедел түрде эвакуацияланды. Ұлттық мерекеге Дубайға ұшқан тағы 2 студент келесі репатриация рейсімен Қазақстанға қайтарылады", - деп бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлаған еді.

Израильдегі жағдай

Естеріңізге сала кетейік, 7 қазан күні таңертең Израильге Газа секторынан зымырандық шабуыл жасалған болатын. Шабуыл үшін жауапкершілікті палестиналық ХАМАС ұйымы өз мойнына алды.

Кейін Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елдегі ахуалға байланысты мәлімдеме жасап, Израильде "соғыс жағдайы" режимін енгізу туралы шешім қабылданғанын айтты.

Сонымен қатар Қазақстанның Израильдегі елшілігі елдегі ахуалға байланысты қазақстандықтарға үндеу жасады. Дипломаттар отандастарымызды қауіпсіз орындарды болуға шақырды.

8 қазанда Израиль ХАМАС-қа жауап ретінде Газаға әуе шабуылын жасап, әскери операция бастаған болатын. Салдарынан жүздеген тұрғын қаза тауып, тағы мыңдаған адам жарақат алды.

Оған қоса бұған дейін Палестина мен Израиль арасындағы ахуалға байланысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің жабық жиналысы өткен болатын. Алайда Қауіпсіздік кеңестің мүшелері ешқандай мәлімдеме жасай алмаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040451-izraildegi-qazaqstandyqtar-elge-oraldy/

pixel