Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда жаңбырдан кейін төбесінен су кеткен көпқабатты үйдің тұрғындары шу шығарды

Опубликовано:

атыраулықтар
Көпқабатты үйдің тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Атырауда нөсер жаңбырдан соң терможаңғырту жүргізілген көпқабатты үйдің бірінің шатырынан су кетті. Төбеден аққан сумен 3 жылдан бері алысып әлек болған жұрт жиналып өз наразылықтарын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Авангард ықшам ауданындағы №16 үйдің тұрғындары 3 жылдан бері жергілікті әкімдіктің әрекетсіз отырғанына ашулы. Бесқабатты үйде 2020 жылы терможаңғырту бағдарламасы бойынша 37 млн теңгеге жөндеу жүргізілген. Алайда, тұрғындардың сөзінше, күрделі жөндеуден кейін жаңбыр жауса жоғарғы қабат тұрғындарының пәтерлері суға малынады. Басынан-ақ пәтер иелері терможаңғырту бағдарламасы бойынша жүргізілген жұмыстарға көңілі толмаған, 3 жылдан бері әкімдіктің, жауапты мекемелердің табалдырықтарын тоздырып келеді.

"Мен 5 қабатта тұрамын. Жаңбыр жауса төбеден су ағады. Үш жыл бұрын үйді қабылдамадық. Бірақ мердігер мекеме қызметкерлері бір айласын тауып, осы үйде тұратын 5-6 адамға қол қойғызып алған. Жауапты мамандар үйді қабылдауға сол адамдардың қолы жеткілікті екенін айтты. Әкімдіктегілер де уақытты қолдан созғандай болды, міне биыл кепілдік мерзімі де өтіп кетті. Ай сайынғы төлемді не үшін төлеуім керек сонда?", - дейді №16 үйдің тұрғыны Дәурен Боранғалиев.

Жалғызбасты ана Бақтыгүл Борисованың айтуынша, күз басталысымен үйдің қабырғалары суланып, жағымсыз иіс алып кетеді. Ал жаңбыр жауғанда барлық бөлменің төбесінен су кетеді дейді.

үйдің ішкі көрінісі
Үйдің ішкі көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Бірнеше жылдан бері шатыр мәселесімен алысып келеміз. Жамап та көрдік. Түк пайда жоқ. Үйімнің ішіне жасаған ремонтымның дымы қалмады, жаңбырдың суы шайып кетті, қабырғалар көгерген.Үстімізден көктің иісі шығады. Балаларым жөтелден көз ашпайды. Арызымызды айтып бармаған жеріміз жоқ. Бірақ еш нәтижесіз. Одан қалса алдымыз – қыс", - дейді тұрғын Бақтыгүл Борисова.

№16 үйдің тұрғындарының мәселесін "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС қызметкерлері жақсы біледі. Мекеме басшысы Бауыржан Докумбаевтың айтуынша, терможаңғырту жүргізген "Техстрой" мердігер компаниясы бүгінгі күні банкрот болып танылған.

"Бұл көпқабатты үйде 2020 жылы терможаңғырту бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы құны – 37 млн тенге. Қазіргі кезде біз басшыларын, қызметкерлерін іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Жауаптыларды тапқан жағдайда сотқа беріп, тиісті жұмыстарды жүргізуді талап етеміз", - дейді "Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету" ЖШС басшысы Бауыржан Докумбаев.

Келесі жылы Атырауда тағы 25 үй терможаңғыртудан өтеді деп күтілуде. Жауапты мекеменің айтуынша, әзірге қаражат қарастырылып жатыр.

Автор: Әйгерім Сайқын

үйдің ішкі көрінісі
Үйдің ішкі көрінісі. Фото: KAZ.NUR.KZ

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040526-atyrauda-zanbyrdan-keiin-tobesinen-su-ketken-kopqabatty-uidin-turgyndary-su-sygardy/

pixel