Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Осымен жеті баланың ата-анасымыз": Ақтөбеде 35 жастағы келіншек үшемді дүниеге әкелді

Опубликовано:

үшемді перзентханадан шығары алу сәті
Үшемді перзентханадан шығарып алған сәт. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбеде Мұстафа, Мүслім, Мұхаммед есімді үшем өмірге келді. Ерлі-зайыпты бір сәтте жеті баланың ата-анасы атанды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Отбасы Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында тұрады. Бүгін ұлдарын шығарып алуға келген әкенің қуанышында шек жоқ.

"Осымен 7 баланың ата-анасымыз. Өзім теміржолда жұмыс істеймін. Үшем болатынын естігенде қуандық. Нағашыларымда егіздер бар. Бізде үшем болмады, бірінші рет. Әйелімнің арғы тегінде егіздер бар. Өзім шынымды айтсам қуаныштан басым айналып жүр", - дейді үшемнің әкесі Әсет Сатаев.

Үшемді туған анасы Жарқынгүл Сатаева 35 жаста. Келіншек осыған дейін төрт баланы өмірге әкелген.

"Жүктіліктің алтыншы аптасында үшем екенін білдім. Қуанышымды айтып жеткізу мүмкін емес. Әр шаңыраққа осындай қуаныш тілеймін", - деді Жарқынгүл Сатаева.

Келіншек перинаталдық орталыққа 12 қыркүйек күні жүктіліктің 31 апталығында түскен. Дәрігерлердің айтуынша, перинаталдық орталыққа түскен келіншекті кесарь тілігі арқылы 12 сағаттан кейін босандырып алған.

"13 қыркүйек күні сағат 07:31-де кесарь тілігі арқылы салмағы 1700 гр, бойы 40 см болатын бірінші ұл Мүслім дүниеге келді. Екінші бала Мұстафа сағат 07:33-те салмағы 1350 гр, бойы 35 см, үшінші бала Мұхаммед 07:34-те салмағы 1470 гр, бойы 38 см боп туды. Ананың да, балалардың да жағдайы жақсы. Осы уақыт ішінде үшеуі 500-600 гр салмақ қосты", - деді перинаталдық орталықтың бас дәрігері Гүлшат Темірбаева.

2023 жылдың 9 айында облыстық перинаталдық орталықта 5600-ден астам нәресте дүниеге келді. Оның 76-сы егіз, бір төртем дүниеге келген.

Ал 2022 жылдың осы кезеңінде 91 егіз, бір үшем дүниеге келді. Айта кетейік, соңғы 2 жылда бұл Ақтөбе облысында дүниеге келген төртінші үшем.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040565-osymen-zeti-balanyn-ata-anasymyz-aqtobede-35-zastagy-kelinsek-usemdi-duniege-akeldi/

pixel