Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 5 жасар қыз баланың өлімінен кейін басы дауға қалған судья жаңа қызметке тағайындалды

Опубликовано:

Нұрқазы Шетенов
Нұрқазы Шетенов. Фото: trk.sud.kz

Сарыағаш аудандық сотының төрағасы болған Нұрқазы Шетенов жаңа қызметке тағайындалды. Бұл ақпаратты Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Нұрқазы Шетенов бұрын өзі басқарған соттың судьясы болып тағайындалған.

"Қазақстан Республикасы президентінің жарлығымен Нұрқазы Шетенов өзі берген өтініш бойынша Сарыағаш аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, осы соттың судьясы қызметінде қалды", - деп хабардар етті Түркістан облыстық сотының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, Түркістан облысында 5 жасар қыз баланың өлімінен кейін Нұрқазы Шетеновтің басы дауға қалған еді. Бүгін ол Facebook парақшасында арнайы жазба жариялап судья ретінде қызметке кіріскенін, алайда қоғам тарапынан кибербуллингке ұшырағаны оңайға соқпағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол жазбасында қоғамда резонанс тудырған жайтқа қатысты пікір білдіріп, қылмыс жасаған адамға неліктен үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгілегенін түсіндірген.

Сонымен қатар Нұрқазы Шетенов басынан өткерген күйзеліс пен моральдық-психологиялық қысымға қарамастан, судьялық қызметін жалғастырып, қызмет етуге дайын екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген еді. Жедел-іздестіру шараларының барысында қыз баланың денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылған болатын.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды.

Кейін бұл оқиға туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар болып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы жайттың мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Сол кезде президенттің баспасөз қызметі қолда бар ақпарат бойынша күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын, биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленгенін мәлім етті.

Бұл жайттан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату мәселесі көтерілді. Кейін Нұрқазы Шетеновтің өз еркімен қызметінен кетуге өтініш бергені белгілі болды.

Қыркүйекте 5 жасар қыз баланы өлтірген ер адамға сот үкімі шығып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040596-turkistan-oblysyndagy-5-zasar-qyzdyn-oliminen-keiin-basy-dauga-qalgan-sudya-zana-qyzmetke-tagaiyndaldy/

pixel