Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жоғары сот кеңесі 5 жасар қыздың өлімінен кейін басы дауға қалған судьяның қайта қызметке тағайындалуын түсіндірді

Опубликовано:

судьяның балғасы
Сот балғасы. Көрнекі фото: pexels.com

Түркістан облысы, Сарыағаш аудандық сотының төрағасы болған Нұрқазы Шетенов жаңа қызметке тағайындалғаны белгілі болған еді. Жоғары сот кеңесі оның жаңа қызметке тағайындалуын түсіндірді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Жоғары сот кеңесінің сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

"Жаңалықтар порталдарында көптеген жарияланымдардың шығуына байланысты Жоғары сот кеңесі келесіні түсіндіруді жөн көреді. Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Н.Б. Шетеновтің берген өтінішіне сәйкес ол 2023 жылы 6 қазанда осы соттың судьясы болып қалдырыла отырып, төраға қызметінен босатылды.

Қылмыстық істі қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін Н.Б. Шетеновті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тәртіптік іс сот жюриінің қарауында. Тәртіптік іс бойынша шешім Сот жюриі отырысының қорытындылары бойынша қабылданатын болады", - деп хабарлады Жоғары сот кеңесі.

Айта кетейік, бүгін Түркістан облысында 5 жасар қыз баланың өлімінен кейін басы дауға қалған судьяның жаңа қызметке тағайындалғаны белгілі болған еді.

Осыған дейін Түркістан облысында 5 жасар қыз баланың өлімінен кейін Нұрқазы Шетеновтің басы дауға қалған еді. Бүгін ол Facebook парақшасында арнайы жазба жариялап судья ретінде қызметке кіріскенін, алайда қоғам тарапынан кибербуллингке ұшырағаны оңайға соқпағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол жазбасында қоғамда резонанс тудырған жайтқа қатысты пікір білдіріп, қылмыс жасаған адамға неліктен үш жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын белгілегенін түсіндірген.

Сонымен қатар Нұрқазы Шетенов басынан өткерген күйзеліс пен моральдық-психологиялық қысымға қарамастан, судьялық қызметін жалғастырып, қызмет етуге дайын екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 13 шілдеде Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғыны полицияға 5 жасар қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген еді. Жедел-іздестіру шараларының барысында қыз баланың денесі ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылған болатын.

Аталған дерек Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша тіркеліп, күдікті қамауға алынды.

Кейін бұл оқиға туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та хабардар болып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне қайғылы жайттың мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.

Сол кезде президенттің баспасөз қызметі қолда бар ақпарат бойынша күдікті бұған дейін кісі өлтіргені үшін сотталып, 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын, биыл оған адам денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы белгіленгенін мәлім етті.

Бұл жайттан кейін Сарыағаш аудандық сотының төрағасын қызметінен босату мәселесі көтерілді. Кейін Нұрқазы Шетеновтің өз еркімен қызметінен кетуге өтініш бергені белгілі болды.

Қыркүйекте 5 жасар қыз баланы өлтірген ер адамға сот үкімі шығып, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040619-zogary-sot-kenesi-turkistan-oblysynda-5-zasar-qyz-balanyn-oliminen-keiin-basy-dauga-qalgan-sudyanyn-qaita-qyzmetke-tagaiyndaluyn-tusindirdi/

pixel