Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Балаларды неге ойламайсыңдар?": Ақтөбе облысының әкімі жылуы қосылмаған мектепке айтпай барды

Опубликовано:

Асхат Шахаров
Жылу жүйесін тексеріп тұрған Асхат Шахаров. Видеодан кадр: KAZ.NUR.KZ

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен барған өңір әкімі Асхат Шахаров проблемалық нысандарды аралап жүріп, ауыл мектебіне шорт бұрылды. Құрылыс ауылындағы Алманов атындағы орта мектепте жылу берілмегені анықталды. Жылыту қазандығы құлыптаулы тұр, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Әкімнің алдынан шыққан ауыл тұрғыны көмір жағып күнелтіп отырған мектеп мәселесін көтерді.

"Ауылға екі жыл бұрын газ берілді. Ауыл мектебі әлі күнге көмір жағып отыр. Көмірі бар адамға тиімді кәсіпке айналып тұр. Бюджеттің ақшасын босқа шашып жатыр. Қыста мектеп салқын болады. Газға қосылса тиімді болар еді. Екі жыл бұрын ауылға газ беріп жатқанда мектепті де қосады деді. Айтқандарына екі жыл болды. Әлі жоқ", - дейді ауыл тұрғыны Темірбек Зейінұлы.

Облыс әкімі өзі мінген көлікке ақсақалды бірге отырғызып, мектепке барды.

Ырғыз ауданының тұрғыны әкімдік көлігінде
Ырғыз ауданының тұрғыны әкімдік көлігінде. Фото: KAZ.NUR.KZ

Ауылдағы проблемалық құрылыстарды аралап жүрген облыс әкімін ауыл мектебінің күтпегені көрініп тұр. Аудандық шенділер абдырап, мектеп басшылары сасып қалды. Мектепке кіре сала әкім жылу батареяларын ұстап көрді.

"Жылу неге қосылмаған? 1 қазаннан бастап барлық мектеп жылуға қосылды дедіңдер. Неге алдайсыңдар? Мектептің іші салқын. Мына жерде мен тоңып тұрмын. Балаларды неге ойламайсыңдар, неге аяйсыңдар? Халық ренжіп жатыр. Ертеңнен қалдырмай қосу керек. Ұятқа қалмайық", -деді облыс әкімі.

жылыту қазандығы
Жылыту қазандығы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Облыс әкімі өзімен бірге барған облыстық мәслихат депутатына да "Сіз депутатсыз. Қарау керек еді" деп ескерту жасады.

Аудан әкімінің міндетін атқарушы Айбек Өксікбаевтың айтуынша, мектепті газға қосу жұмыстарын 2024 жылдың бюджетіне кіргізу жоспарланған. Ал мектеп басшысы биыл 25 тонна көмір алынғанын хабарлап, ертеңнен бастап жылу қосуға уәде берді.

Асхат Шахаров төрт жылдан бері төбесінен су ағып тұрған Ырғыздағы мектеп-гимназиясына да барды. 50 млн теңгеден аса жұмысы аяқталмай пайдалануға берілген білім ордасының төбесі тесіліп тұр. Кемшіліктерді келесі жылдан қалдырмай шешу тапсырылды. Әкім тұрғындарды қабылдап жатқанда мектептің кіші қызметкері журналистерге білім ошағының дәретханасын көрсетті.

мектеп дәретханасы
Мектеп дәретханасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Дәретханада су жоқ. Балалар суды бөшкелерден баклажка арқылы алып қол жуады, дәретханаға құямыз. Баклажкалар ыңғайсыз, өткенде балалардың қолын кесіп кете жаздады. Дәретхананы жууға қолданатын құралдарды өзім сатып аламын. Бүгін әкім келеді деп жаңа щетка әкеп қойды", - деді кіші қызметкер.

Ырғыз ауданы білім бөлімінің басшысы, мектеп орынбасарлары да кіші қызметкер көрсеткен мәселеге нақты жауап бере алмады. Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан шындықты жайып салған қызметкердің қыспаққа алынбайтынын, кемшіліктердің жойылатынын айтты. Басқарма басшысы кіші қызметкерге ұялы телефон нөмірін қалдырды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041003-men-tonyp-turmyn-balalardy-nege-oilamaisyndar-aqtobe-oblysynyn-akimi-zyluy-qosylmagan-mektepke-aitpai-bardy/

pixel