Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мал жайып, егін екті": жамбылдықтар жекеменшікке өткен ауыл стадионын мемлекетке қайтаруды талап етті

Опубликовано:

стадион
Стадион. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жамбыл облысында стадион мал жаятын жерге айналған. Сарысу ауданындағы Саудакент ауылы тұрғындары нысан мемлекет меншігіне алынсын деп талап қойды. Орталық стадион осыдан 25 жыл бұрын жекенің қолына өтіп кеткен, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аумағы 3 гектардан асатын нысан мал жайылатын әрі бақша өнімдерін егетін алқапқа айналған. Тоқырау жылдарында жекеге өткен нысанның қақпалары қирап, қоршауы құлағалы тұр.

"Қазіргі қожайыны спорт стадионына егін еккен. Малға жайылым ретінде пайдаланды. Жекеге өткеннен кейін ауылда 7-8 әкім ауысты. Бәрі де "қайтып аламыз, жастардың игілігіне береміз" деп уәде еткен. Айтуын айтады, іс сол орнында қалады", - дейді Саудакент ауылының тұрғыны Сейітқадыр Әбдіғалыұлы.

Тоқырау жылдарына дейін орталық стадион Саудакенттегі жалғыз спорт нысаны болған. Алайда 1998 жылы жекенің қолына өтіп кеткен.

"Қараусыз қалды. Бұрындары осы стадионда көптеген іс-шара өтіп тұратын. Түрлі спартакиада, үлкен кештер. Ал қазір мұның бірі де жоқ", - дейді Саудакент ауылының тұрғыны Нұржан Есмаханов.

стадионның қақпасы
Стадионның қақпасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазір стадионның есігінде қара құлып тұр. Қожайыны әр түрлі мақсатта қолданғанын жоққа шығармады. Ол "10 млн теңге берсе, әкімдікке өткізуге әзірмін" деп отыр.

"Бұрын өзім бұл стадионды 7.5 млн теңгеге сатып алғанмын. Заңды иесі ретінде өз мақсаттарым үшін пайдаландым. Халыққа қатты керек болып жатса, қайтарып беруге дайынбыз", - дейді стадион иесі Бекзат Нұрсүлейменов.

Атқамінерлер биыл нысанды мемлекет балансына алуға бекініп отыр. Бірақ арнайы қаржы бөлінбейтіндіктен, демеушілер қолдауын күтеді.

"Орталық стадионның қазіргі қожайынымен келіссөздер жүргізілуде. Келешекте 8-10 млн теңге көлемінде біз демеушілердің есебінен ауданның теңгеріміне алуды жоспарлап отырмыз", - дейді Сарысу ауданы әкімі аппаратының басшысы Құдайберген Рысдәулет.

Ал 7 мың тұрғыны бар Саудакент ауылының басым бөлігі - жас буын өкілдері. Олар ауылдық округтегі жалғыз шағын футбол алаңшасында жаттығып жүр.

Авторы: Ұлдана Жұбай

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2040999-mal-zaiyp-egin-ekti-zambyldyqtar-zekemensikke-otken-auyl-stadionyn-memleketke-qaitarudy-talap-etti/

pixel