Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қыстан қалай шығамыз?": Семейде жылу маусымы бастала сала құбырлар жарылды

Опубликовано:

Семей тұрғындары
Семей тұрғындары. Фото: KAZ.NUR.KZ

Семейде жылу маусымы бастала сала шіріген құбырлар жарылып жатыр. Мәселен бір аптаның ішінде сегіз көпқабатты үйге тартылған жылу құбырында үш мәрте апат орын алған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Жылу маусымы басталғанымен әбден тозған инфрақұрлым тұрғындарды жылусыз қалдырып отыр. Күздің қара суығында дірдек қаққан тұрғындар жылуды үйдің ішінен емес, даладан іздеуге мәжбүр. Олардың айтуынша, көпқабатты үйлердің жылу құбыры 36 жылдан бері жаңартылмаған. Соның салдарынан шаһарға жаппай жылу бергенде бұл үйлердің құбыры қысымға шыдас бермей жарылып қалған.

"Қазір қанша ақша бөліп жатыр. Оны естіп жатырмыз. Сол ақша қайда? Неге халықтың игілігіне жұмсамайды? Міне, 14 күні берді. 15 күні жарылып қалды. Қазір қазатын жерде қалмады. Тозған құбырлар шыдамайды. Мысалы 70-80 градуста беру керек пе? Оны көтере алмайды. Жылудың, судың құбырын жаңартып берсін", - дейді Семей қаласының тұрғыны Сәния Қапасова.

Жұрт былтыр да жылу болмай, тоқ пешпен амалдап шыққандарын айтуда. Алайда атқамінерлерден ескі құбырды жаңартуға қол ұшын созатын жан таппағандарына налиды.

"Әкімге айтсаң, ақша жоқ дейді. Былтыр тоғыз рет апат болды. Алдыңғы жылы 22 рет жарылды. Биыл берілгеніне бір апта болмай үш рет жарылды. Білмеймін, қыстан қалай шығамыз? Мысалы сегіз үй, 640 пәтер бар. Қаншама халық жылусыз қалайын деп тұр", - деді , ПИК төрағасы Төлеубек Махыжанов.

Семей
Көпқабатты тұрғын үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Тұрғындардың айтуынша, бұл көпқабатты үйлер қысқы маусымға тексеріліп, тіпті дайындалмаған. Әйтсе де жергілікті билік өкілдері қаһарлы күндерге тас түйін дайын екендерін алға тартты. Ал тозығы жеткен көпқабатты үйдің құбырларын келесі жылдың еншісіне қалдырып отыр.

"Бұл үйге жылу 12 қазан күні берілді. Алайда ескірген құбыр екі рет жарылып қалды. Қазір апат жойылды. Тозған құбырды жаңарту жұмыстары жылыту маусымы аяқталғаннан кейін орындалады. Қолайсыздықтар үшін тұрғындардан кешірім сұраймыз",- деді "Теплокоммунэнерго" МКК апаттық-диспетчерлік қызметінің бастығы Евгений Мурашев.

Жалпы шаһардың инфрақұрлымы 68 пайызға тозған. Соның салдарынан өткен жылғы жылу маусымында 330 апат орын алған. Тек биыл бұл көрсеткіш 15 пайызға қысқарды. Сондықтан қала басшылығы сарышұнақ аязда жер қопарып, ескіні жамауы әбден мүмкін.

Автор: Елжан Нұрболат

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041569-qystan-qalai-sygamyz-semeide-zylu-mausymy-bastala-sala-qubyrlar-zaryldy/