Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Вакцина алмаған бала көп": Ақтөбе облысының дәрігерлерін қызылша ауруы алаңдатып отыр

Опубликовано:

вакцина
Екпе салдырып отырған адам. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбе облысында жыл басынан бері қызылша вирусын жұқтырған 828 адам тіркелген. Қазір күніне 20-дан аса науқас дәрігер көмегіне жүгінеді. Оның ішінде балалар көп, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев облыстағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

"Бүгінгі таңда облыстық инфекциялық ауруханада 81 адам жатыр. Оның 68-і бала, өзгесі ересек. Жалпы ақпан айынан бастап 828 адам тіркелді. Ең бірінші жағдай Түркиядан келген адамнан анықталды, әрі қарай саны ұлғайды. Қазіргі кезде вакцина алмаған бала көп. Ата-аналардың көбі діни сеніммен екпе алдырмайды. Түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бізде жүкті әйелдерден 2 жағдай тіркелді. Олар ем алды. Жағдайы жақсы", - дейді Рүстем Исаев.

Бас дәрігердің айтуынша, қызылша ауруы қараша айында ушығуы мүмкін. Эпиджағдайға байланысты облыстық инфекциялық ауруханада 75 кереует дайындалған. "Шағала" сауықтыру орнында 80 кереует бар.

"Шамамен қараша айының ортасында шарықтау шегіне жетіп, кейін басылады деп болжап отырмыз. Өйткені вакцина алған адамдардың иммунитеті екі аптадан кейін ғана вирусқа төтеп бере алады. Балалар дертті жеңіл өткерсе, үйіне жібереміз. Ал ларингит, фарингит, бронхиолит, пневмония болса балалар ауруханаға жатқызылады. Аудандарда жағдай тұрақты. 15 науқас жатыр. Олар Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар аудандарында. Ең басты емі – вакцинация. Бір жаста, қайта вакцинация 6 жаста. Бүгінгі күні республикалық бюджеттен 90 млн теңге бөлініп, 30 мың вакцина бөлінді. Қазір жаңа туған баладан 18 жасқа, сосын 18-ден 30 жасқа дейін алып жатыр. Олар вакцина қабылдамағандар. Сонымен бірге 55-ке толмаған медицина қызметкерлері де алып жатыр", - деді Рүстем Исаев.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/health/2041518-vakcina-almagan-bala-kop-aqtobe-oblysynyn-darigerlerin-qyzylsa-auruy-alandatyp-otyr/