"Тірідей көмілген": Ауғанстанда жер сілкінісінің салдарын жоюға көмектескен қазақстандық құтқарушы не көргенін айтты
Жарияланған күні:
Бүгін - Қазақстанда құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай KAZ.NUR.KZ тілшісі жақында жойқын жер сілкінісі болған Ауғанстандағы табиғи апат салдарын жоюға көмектесіп келген Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Әділхан Балтабайды сөзге тартты. Маман жұмысының қиындығы мен қызығы туралы айтып берді.
Ауғанстанның Ноиброфи деп аталатын қыстағында (шағын қала) бес күн бойы құтқару жұмыстарын жүргізген маман қазақстандықтар атқарып келген жұмыс жайлы толығырақ әңгімеледі.
"Бес күн болып келдік. Ауғанстанға кеш бата келіп қондық, ұшақтан түсе сала бізге сол елдің өкілдері демалып алып, жұмысты ертеңіне бастауды ұсынды. Біз демалып жата алмадық, ұйқыдан бас тарттық. Біз барған жер Ноиброфи деп аталатын қыстақ екен, жер сілкінісінен жермен-жексен болған. Ауа райы да қолайсыз болды, шаңды дауыл тұрды. Сол күні түнде елді мекенге барлау жүргізіп, ертеңгі жұмысымызға дайындық жасадық. Үш топ болып бөлініп жұмыс істедік. Алғашқы тәуліктерде үш топтың барлығы да құтқару жұмысына бірдей ат салысты. Демалған топ болған жоқ. Таңнан кешке дейін жүрдік", - дейді ол.
Әділханның айтуынша, қыстақтағы үйлер тек сабан кірпіштен салынғандықтан, жойқын жер сілкінісі кезінде опырылып, адамдарды басып қалған. Ауа өтетін кеңістік болмауы себепті адамдар тірідей көмілген.
"Қыстақта тек үш құрылыс материалы қолданылыпты. Саз-балшықтан жасалған кірпіш, полиэтилен қапшықтар және ағаш бөренелер. Полиэтилен саз кірпіштің арасынан суық кірмеу үшін пайданылғанға ұқсайды. Бұл жақтағы үйлерді Түркиядағы үйлермен салыстыру қиын. Егер заманауи құрылыс материалдары опырылғанда арада ауа қалатындай, үйінді астында тірі жатқан адамға қол созып, су беруге болатындай кеңістік қалатын еді. Бұл жерде жер сілкінісі кезінде бүкіл қыстақ жермен-жексен болған, адамдар тірідей көмілген. Үйінді астындағы адамдар ауа жетпей, бірінші тәулікте-ақ көз жұмған. Үйден шығып үлгергендері ғана аман", - дейді ол.
Құтқарушыларға тек жансыз адам денесін алып шығудан басқа амал қалмаған. 11 қазанда қазақстандық құтқарушылар жұмыс істеп жатқанда 6 балдық жер сілкісі қайталанған.
"6 балдық жер сілкінісі қандай болатынын бәріміз сездік. Таңғы сағат бес шамасында болды. Бірнеше күн бойынша жер астында афтершок болып тұрды", - дейді ол.
Әділхан үйінді астында қалған бес жастағы баланың денесін қалай тапқаны туралы да айтып берді.
"Біз барған күннің ертеңінде бес жасар баланың денесін таптық. Оның жатқан жері туралы ағасы айтты. Баланың әкесі жоқ екен, анасы басқа қалада ауруханада жатқан. Ағасы бізге жатын бөлменің тұсын көрсетіп берді. Жарты сағаттай қаздық. Бір уақытта баланың киімі көрінді. Аршып алдық та баланың денесін лагерьге апарып, әрі қарай туысына тапсырдық. Одан бөлек аман қалған адамдарға үйінді басып қалған тұрмыстық заттарын, ыдыс-аяқ, киім-кешегін аршып алып беруге көмектестік, медициналық көмек көрсетілді. Жергілікті халық әбден қорқып қалған. Қан қысымы көтерілген, тыныс алуы қиындаған адамдарға жәрдем бердік. Жалпы 80 адам, оның ішінде 11 балаға көмегімізді көрсеттік", - дейді Республикалық жедел-құтқару жасағаның бас құтқарушысы.
Еске сала кетсек, 7 қазанда Ауғанстанның батысында Иранмен шекарада магнитудасы 6,3 болатын жер сілкінісі болды. Табиғи апат салдарынан қаза тапқандар саны 2 мыңнан асып, тағы он мыңға жуық адам зілзаладан зардап шеккені хабарланды.
10 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ТЖМ құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Ауғанстанға барған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2041684-tiridei-komilgen-auganstanda-zer-silkinisinin-saldaryn-zoyuga-komektesken-qazaqstandyq-qutqarusy-ne-korgenin-aitty/