Бишімбаев ісі: Салтанат Нүкенованың туыстары әділдік іздеп Астанаға келді
Жарияланған күні:
Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қайын жұрты Астанаға әділдік іздеп келді. Салтанат Нүкенованың туыстары Астана полиция департаменті бастығының тікелей қабылдауына кірді, - деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Арна тілшілерінің айтуынша, Салтанаттың төрт күннен бері нәр татпаған ата-анасы еңсесін көтере алмай қалған. Жақынының мүддесін қорғауға келгендер мейрамханадағы бейнежазбаны өшіруге атсалысты деп экс-министрдің туыстарын да жауапкершілікке тартуды сұрап отыр екен. Олар тергеушілердің де ауысқанына наразы.
"Марқұмның ағасы, Павлодар қаласының экс-әкімі Қайрат Нүкенов талай күннен бері көкейімізді тескен бар сауалды департамент бастығына тіке қоя алдық деп отыр. Өздері төбе көрсеткеннен кейін ғана мұндағылар іспен тікелей айналысып жатқан тергеушіні таныстырған. Қоғамды дүр сілкіндірген істе жалпақшешейлік танытпаймыз, тергеу әділ өтеді деп уәде беріпті департамент бастығы", - дейді тілші сюжетте.
Марқұмның ағасы Қайрат Нүкеновтің айтуынша, полиция департаментінің бастығына кіріп, сұрақтардың барлығын қойған.
"Адамның басына салмасын, қазіргі күйімізді сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Салтанаттың ата-анасына тіптен ауыр. Еңсесін көтере алмай жатып қалды. Бауырлары жүгіріп жүрміз жан-жақтан. Күдікті қайтсе де жазасын алса дейміз. Қанша дегенмен тамыр-танысы көп қой. Сот-медициналық сараптаманың да қорытындысын тездетіп қолға алатын болдық", - дейді Нүкенов.
Елордаға Салтанаттың мүддесін қорғауға келген бір қауым ел қайғылы оқиға болған күні Бишімбаевқа ас-суын тасып, мейрамханадағы бейнежазбаны өшіруге атсалысқан экс-министрдің інісін де жауапкершілікке тарту керек деп отыр.
Тергеу барысында ол жерде сұлқ түскен күйі қатты қорылдап жатқан жеңгесі Салтанатты небәрі "ұйықтап жатыр" деп ойлағанын айтқан. Нүкеновтар отбасы, ең болмаса, Бишімбаевтың інісі аяушылық танытып, дәрігерлерді ерте шақырғанда қарындасымызды аман сақтап қалар едік деп күйініп отыр.
"Бишімбаевтың інісі ағасының әйелін қан-жоса етіп сабағанын көріп, не полиция шақырмаған, не дәрігерге хабар бермеген. Бұл не деген жауыздық. Нағыз қылмыскердің сыбайласы дер едім. Сол үшін оған да қатаң жаза беруді талап етеміз", - дейді Қайрат Нүкенов.
Бишімбаев ісі
Бұған дейін әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынғанын жазған едік.
Еске салайық, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Дереккөз: КТК
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2045762-bisimbaev-isi-saltanat-nukenovanyn-tuystary-adildik-izdep-astanaga-keldi/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.