Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арнайы туу туралы куәліктер дайындалды: Бағдат Мусин жаңа туған 20 миллионыншы тұрғынның отбасы туралы айтты (фото)

Опубликовано:

Бүлдіршін
Бүлдіршін. Көрнекі сурет: pixabay.com

Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Telegram арнасында 20 миллионыншы нәресте отбасының әлеуметтік жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Бұған дейін Қазақстанның бес бірдей өңірінде – Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында халық санын 20 миллионға жеткізген үш ұл мен екі қыз туғаны хабарланған еді.

"Жас аналардың бірі - Диана Әзімбаева "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Жетісу облысы бойынша филиалының қызметкері екенін айрықша атап өткім келеді. Ол Талдықорған қаласының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде 2021 жылдың 1 қазанынан бастап жетекші сарапшы болып жұмыс істейді.

Диана дүниеге ұл әкелді, ол – отбасындағы төртінші бала. Бұл отбасында екі ұл мен қыз өсіп келеді", - деп жазады Бағдат Мусин Telegram арнасында.

Осы орайда Бағдат Мусин елімізде халық санын 20 миллионға жеткізген тұрғындарға Қазақстанның 20 миллионыншы азаматы екенін айғақтайтын арнайы туу туралы куәліктері дайындалғанын атап өтті.

Сондай-ақ министрдің айтуынша, бүгінде туу туралы куәлікті алу қызметі 4-30 күннен 5 минутқа дейін қысқарған, яғни оны алу процесі онлайн форматқа ауысты.

"Қазір перзентханада нәрестесін дүниеге әкелген жас анаға мобильді қосымша арқылы баланың тууымен құттықтаған хабарлама келіп түседі, онда баланың аты-жөнін жазады, содан кейін туу туралы цифрлық куәлікті, бұған қоса, банктің көрсетілген картасына бала туу және нәресте күтіміне берілетін жәрдемақыны алады", - деп жазады министр желіде жариялаған жазбасында.

Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғынының туу туралы куәліктері
Туу туралы куәліктер. Фото: t.me/bagdat_mussin_official

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жететінін мәлімдеген болатын. Негізі 1 қыркүйекте Қазақстан халқының саны расымен 20 миллионға жуықтаған еді.

"Елімізде жыл сайын 400 мыңнан астам бала дүниеге келеді. Жыл соңына дейін халқымыздың саны 20 миллионға жетеді. Өмір сүру ұзақтығы да артып келе жатыр. Былтыр бұл көрсеткіш 74 жастан асты. Қазақстан – әлемдегі ең жас мемлекеттің бірі. Азаматтарымыздың орташа жасы – 32 жас. Тұрғындардың үштен бірі – жастар", – деді ол.

Ал бүгін, 16 қарашада мемлекет басшысының атынан Ақмола облысы әкімі 20 миллионыншы тұрғын дүниеге келген отбасын құттықтады.

Сонымен қатар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Отбасы банктің" басшысы Ләззат Ибрагимова 20 миллионыншы тұрғын атанған қазақстандықтар қандай жеңілдіктер алатынын айтқаны туралы жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046157-arnaiy-tuu-turaly-kualikteri-daiyndalgan-bagdat-musin-20-millionynsy-turgynnyn-otbasy-turaly-aitty-foto/

pixel