"Куәгерлерді іздейміз": Салтанат Нүкенованың туыстары мәлімдеме жасады
Жарияланған күні:
Қаза болған Салтанат Нүкенованың туыстары қасіретті күндерде қайғысына ортақтасқан ел тұрғындарына арнаған үндеуді журналист Болат Аманбаев Facebook-тегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Қадірлі достар, қымбатты қазақстандықтар. Қызымыз Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдіргендеріңізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздердің жазған қолдау пікірлеріңізді, шалған қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды, білдірген көңілдеріңізді көріп отырмыз. Біз зорлық-зомбылық пен адам өліміне төзбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осы оқиға республика тұрғандарын дүр сілкіндірді. Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды", - делінген үндеуде.
Олардың айтуынша, марқұмның топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып-қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанға қатты батқан.
"Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз. Мыңдаған адам қайғымызға ортақтасып, шын көңілін білдіріп, бізді жұбатып жатыр. Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз", - дейді туыстары.
Сондай-ақ туыстары бұл іс президенттің пәрменімен ерекше тергелетінін де айтты.
"Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда. Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз. Егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білсеңіз полицияға немесе біздің қорғаушыларымыз: И О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұраймыз. Егер сіздің қылмыстық іске қатысты маңызды ақпаратыңыз болса, бірақ жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секеміңіз болса, сізге заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болады", - дейді Салтанат Нүкенованың туыстары.
Қуандық Бишімбаев ісі
Еске салайық, әйелін өлтірді деген күдікке ілінген бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі айға қамауға алынғаны хабарланған. Бишімбаевтың әйелі қайтыс болған "Гастро орталығының" директоры да қамауға алынғанын жазған едік.
Айта кетсек, 9 қарашада БАҚ пен Telegram-арналар бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Астанада әйелін ұрып өлтірді күдікпен ұсталғанын хабарлады.
Астана қаласы полиция департаменті 9 қарашада елордадағы мейрамхана қонақтарының арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйелдің қаза тапқанын растады. Елордалық ПД күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді. Қуандық Бишімбаевтің ұсталғанын 10 қарашада Ішкі істер министрінің орынбасары Серік Сәрсенов растады.
Сонымен қатар 10 қарашада Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев ұсталған сәтінде түсірілді деген сурет желіде тараған. Сондай-ақ экс-министрдің әйелі Салтанат Нүкенова Павлодар қаласы экс-әкімінің жиені екені расталғанын жазған едік.
12 қарашада Астана қалалық ПД Бишімбаевтің ісі Ішкі істер басшылығының бақылауында екенін мәлімдеді.
Ал қарашаның 15-і мәжілістің жалпы отырысында депутат Жұлдыз Сүлейменова зорлық-зомбылық туралы заң жобасын шұғыл түрде мәжіліске енгізуді талап еткені туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2046495-kuagerlerdi-izdeimiz-saltanat-nukenovanyn-tuystary-malimdeme-zasady/