Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Саунадағы балалар лагері: Алматыда білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысы ұсталды

Опубликовано:

Ойнап жүрген балалар
Жазғы лагерь. Көрнекі сурет: pexels.com

Антикорда өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Арман Тілеукенов жазда сауна ішінде жасақталған балалар лагері жанжалына байланысты Алматы қаласы білім басқармасы мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығының ұсталғанын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Алматыдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі прокуратурамен келісе отырып, білім басқармасының мемлекеттік сатып алу бөлімінің басшысын ұстады. Ол қаладағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім беру ұйымдарының оқушылары үшін лагерь ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетушіден 12 миллион теңгеден астам соманың 10 пайызын пара ретінде алмақ болды деген күдікке ілінді.

Пара компанияны конкурс жеңімпазы деп тану үшін берілген. Балалар лагерін ұйымдастыру үшін қажетті материалдық немесе еңбек ресурстары жоқ компания жеңімпаз деп танылғаны анықталды. Шенеунік сот санкциясымен қамауға алынды, тергеу жалғасуда", - деді Антикордың ресми өкілі Арман Тілеукенов.

Алматы маңындағы балалар лагеріне қатысты жанжал

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы қаласының сыртында орналасқан балалар лагерінен кадрлар пайда болды. Ата-аналардың сөзінше, лагерь саунаның ішінде жасақталған.

Алматы қалалық білім басқармасы балалардың демалысын ұйымдастырғаны үшін жосықсыз қызмет көрсетушілерді сотқа беретінін хабарлады. Бөлім тиісті талап-арыз дайындауға уәде берді.

Ал Оқу-ағарту министрлігі бұл факті анықталғаннан кейін балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетуді қадағалайтын жедел мобильді топ құрылғанын хабарлады. Бала құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы шулы лагерьдің жағдайын жеке бақылауына алды.

Сондай-ақ Алматы прокуратурасы қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша тергеу басталғанын хабарлады. Прокурорлар лагерь жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Алматы қалалық білім басқармасының бюджетінен қаржыландырылғанын анықтады.

Қылмыстық істерді тергеу оңтүстік астананың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жүктелген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047052-saunadagy-balalar-lageri-almatyda-bilim-basqarmasy-memlekettik-satyp-alu-boliminin-bassysy-ustaldy/

pixel