Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ештеңеге қарамастан елге танылдым": белгілі атыраулық аспаз Түркиядан жеңіспен оралды

Опубликовано:

Бағдат Қадыров
Антальядағы жарыс жеңімпазы Бағдат Қадыров. Фото: жеке мұрағатынан

Атыраулық аспаз Бағдат Қадыров Анталья қаласында өткен "Gastro Antalya" аспаздар фестивалінде алтын және күміс медальдарға ие болды. Халықаралық жарыста әлемнің 20-дан аса мемлекетінен келген 750 үміткер бақ сынаған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

30 жастағы Бағдат Қадыров - Атырау қаласының тумасы. Ол Алматы мемлекеттік технология және менеджмент колледжін, Алматы технология университетін тәмамдаған. 10 жылдан бері аспаздықпен, фудблогерлікпен айналысады. Бала кезінде актер болуды әрі танымал болуды армандаған.

"Алайда бала кезімде ит қауып алып, қатты қорыққаннан тіл мүкістігі пайда болды. Сондықтан актер болу туралы арманым орындалмады, ештеңеге қарамастан аспаздығым арқылы елге танылдым. Телевизиялық бағдарламаға шығып, танымал жұлдыздармен ас дайындадым. Қазақстанның түкпір-түкпірінде, шетелде қызмет жасадым. Қазіргі кезде фудблогерлікпен еліміздің әдемі жерлерінде, табиғатқа шығып ас дайындаймын, осы салада бірнеше бизнесім де бар", - дейді Бағдат.

Антальяда өткен жарыста Бағдат Жерорта теңізінің сибас балығынан ас дайындап, комиссия мүшелерін таң қалдырған. Шетелдік эксперттердің оң эмоциясын видеодан да байқауға болады. Балық тағамын дайындаудан бірінші орынды олар бірауыздан қазақ жігітіне ұсынған. Ал қой етін дайындаудан атыраулық аспаз екінші орынды жеңіп алған.

"Анталья туристік қала болғандықтан ол жерде гастрономия жоғары деңгейде. "Gastro Antalya" аспаздар жарысы Түркияда 5 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан ауқымды шаралардың бірі. Анталья қаласының әкімінің өзі фестивальдің ашылуына келіп, бізге сәттілік тіледі. Ал өзім аспаздар жарысында алғаш рет бақ сынадым", - дейді аспаз.

Бағдат Қадыров аспаздық шеберлігін Мәскеу, Дубай қалаларында шыңдаған, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа балықтан ас дайындаған, сондай-ақ экс-премьер министр Асқар Мәминнің сапарларының бірінде шеф-аспазы болған. Бағдат қарапайым отбасыда дүниеге келген. Анасы – мұғалім, әкесі – автомеханик. Өзі армандаған актерлік мамандықты туған інісі таңдаған. Қазіргі кезде ол Атырау облыстық Махамбет атындағы театрда актерлік қызметте.

Автор: Әйгерім Сайқын

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2047126-estenege-qaramastan-elge-tanyldym-belgili-atyraulyq-aspaz-turkiyadan-zenispen-oraldy/

pixel