Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыда жетім қалған ағайынды үш бала қуықтай тар жерде күн кешуге мәжбүр (фото)

Опубликовано:

балаларға көмек
Ардагерлер балаларға жылы киімдерін алып берді. Фото: KAZ.NUR.KZ

Алматы қаласы Жетісу ауданында кәмелетке толмаған үш жетім бала қуықтай бір бөлмеде нағашы әжесімен тұрып жатыр. Қызы және күйеу баласынан айырылған 59 жастағы Қалия Қыдырова үш жиенін асырау үшін тұрақты жұмысынан шыққан. Марқұм күйеу баласы Серікбай Жүсіпов ауған соғысының ардагері ретінде тұрғын үй кезегінде бола тұра мемлекеттен сол күйі бір баспана ала алмай кеткен, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Балалардың үлкені қазір 9-сыныпта оқыса, ортаншысы 12-де, кенжесі 10 жаста. Әкесі Серікбай Жүсіпов 2021 жылы тамызда короновирустан айыға алмай, ауруханада көз жұмған. Ал аналары Арайлым Өмірәлиева 4-5 жыл бұрын айықпас дертке шалдығып, мәңгілік мекеніне аттанған.

Серікбай Жүсіпов пен Арайлым Өмірәлиева
Қабырғада ілулі тұрған марқұмдардың суреті. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазір үшеуі нағашы әжесі Қалия Қадырованың тәрбиесінде.Үш жиенін жылатпай бағып-қағып отырған 59 жастағы ананың айтуынша, қазір тұрып жатқан төрт пәтерлі ескі жер үй - өздеріне тиесілі емес, туыстары уақытша тұруға берген баспана. Сондықтан Серікбай көзі тірі кезінде ауған соғысының ардагері ретінде Алматы қаласында тұрғын үй кезегіне тұрған. Алайда ардагер қайтыс болған күні кезектен шығарылған.

Қалия Қадырова
Қалия Қадырова. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Үйдің кезегі келіп қалғанда Серікбай қайтыс болып кетті. Қазір балалар үй кезегіне қайта қойылды, бірақ енді тізімнің соңында тұр", - дейді ұлдардың әжесі.

29 қарашада марқұм Серікбай Жүсіповтің майдандас достары, ауған соғысы ардагерлері балаларға қыстық киім-кешек пен аяқ киім тарту етті. Одан бөлек бата-тілектерін айтып, тәттілерін беріп, балалардың жарымжан көңілін жылытып қайтты.

ардагерлер
Ауған соғысының ардагерлері. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Екі жыл бұрын біздің досымыз, ауған соғысының ардагері Серікбай Жүсіпов короновирустан қайтыс болды. Әйелі 4-5 жыл бұрын көз жұмған. Үш бала жетім қалды. Нағашы әжесі Қалия апай мына балаларды қамқорлыққа алу бойынша құжаттарын реттеп, рәсімдеді. Ардагерлер атынан Қалия апайға шын жүректен алғыс айтқымыз келеді. Балалар жетімдер үйінде емес, нағашы әжесінің қолында, далада қалған жоқ. Бүгін біздің ардагерлер жиылған қаражатқа қысқы күртеше, етік, шұлықтарын, тағы басқа керекті дүниесін әкелдік", - дейді "Абырой" Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағының төрағасы Әли Нариманұлы.

Әли Нариманұлы
Әли Нариманұлы - "Абырой" Ауғанстандағы соғыс ардагерлері одағының төрағасы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Одақ төрағасының айтуынша, қазір балалар тұрып жатқан үй өте тар әрі ылғал тартады.

"Балалар тұрып жатқан үйде өмір сүру мүмкін емес деп айтуға келмейді, суық емес. Алайда өте тар. Балалар өсіп жатыр. Тамақ ішетін жерде үй тапсырмасын орындайды, сол жерде ұйықтайды. Сондықтан да қосымша бір бөлме салу керек деп ойлаймыз. Серікбай марқұм құрылысын бастап кеткен, қазір балаларда оны салуға қаражат та, жағдай да жоқ. Үкіметтен жәрдемақы алады, бірақ онысы тамақтан аспайды не киімге жетпейді. Сондықтан көмектесуіміз керек. Біз осы жетім балалардың жағдайына бей-жай қарамайтын кәсіпкерлерді көмек көрсетуге шақырамыз", - дейді Әли Нариманұлы.

Ардагерлер балаларға сыйлығын беруде
Сыйлық беру сәтінен фото: KAZ.NUR.KZ

Нағашы әжесі Қалия Қыдырова күйеу баласының қазасынан соң бар жұмысын тастап, балаларды бағып келеді. Ара-тұра өз денсаулығы да сыр беріп қоятынын айтады.

"Жетімдер үйіне бермеймін дедім. Әкесі қайтыс болған күннен бастап осындамын. Жазда қатты ауырдым. Сонда үлкен балам "апа, сен өлсең, көтере алмаймын, ата-анамнан айырылдым ғой" деген еді. Сол сөзі әсер етті ме, ауруханаға барып қаралып, жазылдым", - дейді балалардың әжесі.

Соңғы екі жылда отбасы көп қиындық көрген. 59 жастағы жалғызбасты әйелге үш ер баланы тәрбиелеп-бағу оңайға түсіп отырған жоқ. Алайда ауған соғысының ардагерлері ара-тұра қол ұшын созып тұрады.

балалар тұрып жатқан үй
Балалар тұрып жатқан үй. Фото: KAZ.NUR.KZ

Былтыр үй жылытатын қазандық күйіп кетіп, ардагерлер одағы 300 мың теңгеге жаңасын алып берген екен. Балалар қаладағы мектептердің бірінде білім алуда. Әжесінің айтуынша, үйдің тұңғышы - оқу озаты әрі мектептің премьер-министрі болып сайланған. Таэквондоға қатысып, түрлі жарыстан жүлделі орын алып келеді, робототехникадан жетістіктері бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолын алған.

Отбасына қаржылай қолдау көрсету үшін төменде реквизиттер көрсетілген.

Kaspi GOLD: 4400 4302 8230 1560

KALIYA KYDYROVA

8 777 265 95 75 - Калия К. (телефоны бойынша)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048260-almatyda-zetim-qalgan-agaiyndy-us-bala-quyqtai-tar-zerde-kun-kesuge-mazbur-foto/

pixel