Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматыдағы хостелде болған өрт: психолог аман қалғандардың жай-күйін айтты

Опубликовано:

хостел
Хостел ғимараты. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Отбасы" жастар ресурстық орталығының психологы Гүлмира Ильясова Алматыдағы хостелден шыққан өрт кезінде эвакуацияланғандардың психологиялық жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Отбасылық кеңесші Гүлмира Ильясова қайғылы хабарды әкімдік өкілдерінен бүгін таңертең ести сала оқиға орнына жеткен.

"Отбасылық кеңесші ретінде халықпен жұмыс істейтін болғандықтан маған осы қайғылы хабарды таңертең әкімдіктен айтты. Жастар ресурстық орталығынан хабарласып, болған қайғылы жағдайды баяндады. "Бүкіл жұмысыңызды тастап, оқиға орнына келсеңіз, көмек берсеңіз" деп өтініш білдірді. Мектепте сабақ жүргізетін едім, бүгінгі сабағымды ауыстырып, бірден осы жаққа жүгіріп келдім", - дейді психолог.

Эвакуацияланған адамдармен жұмыс істеген маман олардың арасында шетелдік азаматтарды да, қазақстандықтарды да байқағанын айтады.

"Барлығының психологиялық картасын жасадым. Бұл хостелді кайдан тапқанын сұрадым. Біреуі интернеттен таптық десе, енді бірі достары арқылы тапқан. Психологиялық жағдайына келер болсақ, олар қатты шок алған. Таңғы бесте, өрт басталған кезде барлығы ұйықтап жатқан. Көбі жастар. Ең үлкені 50 жаста екен. Олардың арасында түнде жұмыстан келгендер бар, қыдырып келгендер бар. Қатты ұйқыда жатқан. Біреуі иістен оянды, оянбағандары өмірден өтті", - дейді психолог.

Гүлмира Ильясованың айтуынша, қазіргі уақытта зардап шеккендерге тегін психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

Алматыдағы хостелде болған өрт

Бүгін, 30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі өрттен зардап шеккен тағы екі адамның Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жеткізілгенін мәлімдеді.

Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.

Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048473-psixolog-xosteldegi-qaigyly-oqigadan-aman-qalgandardyn-zai-kuii-turaly-aitty/

pixel