Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бір-бірімізді оята бастадық": Алматыдағы хостелде шыққан өрттен аман қалған тұрғындар оқиға туралы айтып берді

Опубликовано:

Нұрсұлтан Дюргалов
Нұрсұлтан Дюргалов. Видео кадры: ktk.kz

Алматыдағы өрт кезінде хостелден шығып үлгерген тұрғындар оқиға туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Хостелде тұрған Александр Акоповтың сөзінше, ол жантүршігерлік жайттан кейін енді ғана ес жиып жатыр. Жұмысқа жақынырақ жерге көшуді ұйғарған ер адам хостелде небәрі 15 күн тұра алған. Ал бір орынның бағасы арзан болған айына 25 мың теңге.

"Қорқып кеттім. Өз өмірім үшін ғана емес, ондағы барлық адам үшін уайымдадым. Өйткені... тез арада әрекет ету өте қиын. Үрейленесіз, не істеу керегін білмей қаласыз. Мен ештеңе алып шыға алмадым, өйткені оған уақыт болмады. Барлығы тез және кенеттен болды. Біз заттар тұрмақ, құжаттарымызды да алып үлгермедік. Біз үшін ең бастысы — өзімізді және достарымызды құтқару болды. Ең бастысы, тірі қалдық", - дейді Александр Акопов.

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, төтенше жағдай болған кезде хостел қонақтары киім киюге мұршасы болмай, далаға атып шыққан. Ең маңыздысы өз өмірін сақтап, көршілеріне көмектесу болған.

Алматыға табыс табу үшін келген Нұрсұлтан Дюргалов та хостелде екі аптаға жуық төсек-орын жалдаған. Бөлмеде жеті адам тұрып жатқан, ал оқиға кезінде барлығы көшеге шығып үлгерген. Оның айтауынша, ішті түтін басқандықтан, тыныс алу мүмкін болмаған.

"Сағат шамамен 05:30-да өрт шықты. Содан кейін біз шудан, дабылдан, көміртегі тотығының иісінен ояндық. Бір-бірімізді оята бастадық, көрші бөлмелерде тұрғындар жүгіріп шыға бастады. Мен шудан оянып кеттім. Жер сілкінісі болды деп ойладым. Содан кейін қарасам, түтін, иіс. Бөлмедегінің бәрін оята бастадық. Біз хостелден сағат 05:36-да шықтық", - деп еске алады Нұрсұлтан.

Хостел бірінші және жертөле қабаттарында орналасқан. Хостел тұрғындарының пікірінше, жертөледе өмір сүрген жастардың қашуға мүмкіндігі болмаған. Олардың айтуынша, терезелер бірінші қабаттағы бір бөлмеде ғана болған, ал зардап шеккендер қосалқы есіктер туралы білмеген.

"Қабырға жағалап сыртқа шықтық. Қолыммен адамдар бар екенін сезіндім. Бізде жалғыз шығатын жол бар еді — бұл негізгі кіреберіс. Мен онда екі-үш аптаға жуық уақыт тұрдым. Қайда шығу керегін де білемін. Бізде басты есіктен басқа шығу немесе кіру мүмкіндігі де жоқ. Мұнда бір бөлмеде ғана терезелер болды. Бірақ ол терезелердің өзі бөлек, бұл үйлердегідей қарапайым әйнек емес: оларды сындыру мүмкін емес еді", - дейді Рустам Бүркітбаев.

Дереккөз: КТК телеарнасы

Алматыдағы хостелде болған өрт

30 қарашада таңғы уақытта Алматы қаласындағы Ади Шәріпов көшесінде орналасқан хостелден өрт шығып, салдарынан 13 адам қаза болды.

Кейін қалалық полиция департменті қаза тапқан барлық адамның жеке басы анықталғанын хабарлады. Олардың тоғызы – Қазақстан, екеуі – Ресей, екеуі – Өзбекстан азаматы.

Хостелдегі өрт фактісі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Сондай-ақ оқиғаға байланысты хостелдегі өрттің себептерін анықтап, зардаптарын жоюмен айналысатын үкіметтік комиссия құрылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайылов қайғылы жағдай кезінде қаза тапқан марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

Қазіргі таңда хостел иелері іздестіріліп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2048558-bir-birimizdi-oyata-bastadyq-almatydagy-xostelde-syqqan-ortten-aman-qalgan-turgyndar-oqiga-turaly-aityp-berdi/

pixel