Ақтөбелік оқушылар мен мұғалімнің қазасы: мектеп директоры жол апатына қатысты өз шындығын айтты
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында олимпиадаға барар жолда мерт болған екі оқушы мен мұғалімнің қыршын кетуі алақандай Жаныс би ауылын есеңгіретіп жіберді. Мектеп ұжымы опат болған оқушылар мен мұғалімді үнсіздікпен еске алды. Ал мектеп директоры қайғылы жағдайға қатысты өз шындығын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы Темірастау мектебі күңіреніп тұр. Аудандық олимпиадаға бара жатып, жолда апат болған оқушылар мен мұғалімнің суреті мектепке қойылды. География пәнінің мұғалімі Асқарбек Әбдіғапар және екі оқушы Дәулет Қонақбай мен Нәзкен Сайранқызын мектеп ұжымы үнсіз еске алды.
"Қайғылы хабарды естігенде төбемнен жай түскендей болды" деген мектеп директорының да айтары бар. Мектеп басшысының сөзіне сүйенсек, аудан орталығына ертіп апаруға тиіс полиция қызметкері Жаныс би ауылынан шыққан көлікті күтпей кеткен.
"Мұғалімдер жолға шыққанда хабарласып отырды. Таңертең Құрылысқа жеттік деп бір хабарлады. Одан соң үлкен тасжолға шыққанын айтты. Құрылыс ауылының тұсынан бастап учаскелік полиция оларды ертіп жүретіндерін айтып отырды. Бірақ олар артта қалған біздің көлікті күтпей кетіп қалған. Учаскелік полицейдің көлігі жоқ. Учаскелік полиция қызметкері Шеңбертал ауылынан бала әкеле жатқан көлікке мінген. Ол бәрін артына ілестіруі керек еді. Трассадан учаскелік полицей күтеді деген соң алаңсыз болдым", - деді Жаныс би ауылы Темірастау мектебінің директоры Нұртілек Сүйеу.
Мектеп директорының айтуынша, аудандық олимпиадаға бара жатқан оқушылардың қасында болған екі мұғалім де әкімшілік топтағы қызметкерлер. Жүргізуші - ұйымдастырушы педагог, қосымша аула клубында шахматтан сабақ береді. Екіншісі - директордың тәрбие жөніндегі орынбасары және география пәнінің мұғалімі болған.
"Олимпиадаға баратын күннің алдында кешке учаскелік полицейге машинаның нөмірін бердім. Қандай машина екенін айтып, кімдердің баратынын жазып жібердім. Олимпиадаға ауылдан бір көлікпен 5 оқушы, екі мұғалім ғана шықты. Ауылдағы ең жарақты көлік сол болды, іші жылы. Жалпы бізде жарысқа баратын баланы полициямен алып жүру деген сирек болатын нәрсе. Бәрін өзіміз ұйымдастырамыз. Өтініш айтып көлік тауып, апарып келуді сұраймыз", - дейді мектеп директоры.
Марқұм болған оқушы қыздың туыстары апатқа кінәлілердің жауапқа тартылуын сұрайды. Марқұмдардың денесі түнде үйлеріне жеткізілген.
"Ауылдың бәрі у-шу. Бұрын-соңды мұндай үш бірдей өлімді көрген жоқпыз. Директордан бастап, аудандық білім бөлімі, облыстық білім басқармасының басшылары жауап берсін. Мынадай тайғақта оқушыларды неге шақырады? Менің сөзім жоқ. Сөзім таусылып отыр. Қызымыз алтын еді. Осы уақытқа дейін мектептің абыройын қорғады. Солай өлім құшып тұр. Неге шырылдатады бізді?! Неге олимпиадаға өз көліктерімен шақырмайды? Автобус қайда? Оқиға қаншама үйдің шаңырағын ортасына түсірді. Олар қыдырып бара жатқан жоқ. Олимпиада деп мектеп жетелеп алып кетті. Жолдың нашарлығын бәрі біліп отыр. Аудан әкімі неге бұл жайды назарына алмады? Қайтыс болған оқушы қыз - менің сіңілім. Жүргізуші - інім, өзінің туған бауыры. Олимпиадаға бес баланы апар деп директор жұмсаған. Бұл не масқара?! Мынадай заманда үйдің жеке көлігімен олимпиадаға бала апара ма? Бұл бірінші рет емес. Бала ажалымен өлмеді", - деді марқұмның туысы Гүлбану Бахманова.
Ал ауруханада жатқан үш баланың жағдайы тұрақты. Бұл туралы Ырғыз ауданына облыстан арнайы кеткен комиссия хабарлады.
"Балалардың жағдайы тұрақты, аудандық ауруханада ата аналарымен кездестік. Кешенді медициналық көмек көрсету үшін, ата аналарының келісімі бойынша реанимобильмен облыстық балалар ауруханасына әкеледі",- деді облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова.
Полиция департаменті өкілдері жол апаты кезінде көлік айдаған жүргізушінің қамауға алынғанын хабарлады. Сондай-ақ олимпиадаға шыққан оқушыларды ертіп жүрудің қай жерден басталғаны, қалай ұйымдастырылғаны анықталатынын айтты.
"Мектеп директорының да, учаскелік полиция қызметкерінің әрекеттеріне тергеу кезінде баға беріледі", - деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі.
Еске салайық, аудандық олимпиадаға бара жатқан Жаныс би ауылының оқушылары Самара-Шымкент тас жолының бойында жол апатына ұшырады. Қайғылы оқиға кезінде екі оқушы мен бір мұғалім қаза болды. Үш оқушы аудандық ауруханада жатыр.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2051719-aqtobelik-oqusylar-men-mugalimnin-qazasy-mektep-direktory-zol-apatyna-qatysty-oz-syndygyn-aitty/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.