Қаңтар оқиғасы: биыл "Дикий Арман" мен Қайрат Құдайбергеннің жаппай тәртіпсіздіктегі рөлі анықталады
Жарияланған күні:
Депутат Абзал Құспан бүгін Астанада 2022 жылдың қаңтарында болған оқиғаларды талдау бойынша баяндамасын таныстырды. Ол бұған дейін белгісіз болып келген деректерді айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Абзал Құспан биыл қаңтар оқиғасынан кейін қозғалған қылмыстық істердің фигуранттары оқиға кезінде қандай рөл атқарғаны белгілі болатынын айтты. Олардың ішінде "Дикий Арман" мен Қайрат Құдайберген де бар.
"Қылмыстық іс сотқа келіп түсті, сот шешім шығарғанға дейін біз біреуді белгілі бір қылмыс жасады деп айыптауға құқығымыз жоқ. Қалай болғанда да, анығы сотта айтылады. Екіншіден, сот ашық режимде өтеді, сондықтан көптеген сұраққа журналистер сот ғимаратында жауап ала алады", - деді ол.
Кейінірек ол сол күндерде болған оқиғаларды ұйымдастырушы жеке адамдар болғанын да айтып өтті.
"Біз оларды шартты түрде үш топқа бөлеміз – қаңтар оқиғаларын ұйымдастырушылар, арандатушылар, арандатушылыққа бой алдырған адамдар. Ұйымдастырушылар болғанына дәлел ретінде, мен сіздерге бір қарапайым мысал келтірейін, іс сотқа келіп түсті, іс қаралуда, бірақ Арман Жұмагелдиевтің тобына қатысты шешім шыққан жоқ. Халықаралық іздеуде жүрген адам Алматыға БАӘ арқылы 14 желтоқсанда келді. "Ритц-Карлтонда" тоқтап, бой тасалады, ал 4 қаңтарда бой көрсетті. Айыптау бойынша, ол Алматы қаласы бойынша ҰҚК жоғары лауазымды тұлғаларынан нұсқау алған", - деп толықтырды депутат.
"Дикий Арманның" ісі
Еске сала кетейік, Арман Жұмагелдиевтің ұсталғаны 2022 жылдың қаңтарында Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде белгілі болған.
Жұмагелдиев Қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздіктер" және 287-бабы "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" бойынша күдікке ілінген.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шыңдалиев қаңтар оқиғасына қатысты жарияланған рақымшылыққа жиырмаға жуық адамның ілікпейтінін айтты. Олардың қатарында Арман Жұмагелдиевтің де бары белгілі болды.
Биыл қаңтар айында Бас прокурор Берік Асылов Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде Дикий Арманның әрекеті қалай үйлестірілгенін және оған кім көмектескенін мәлімдеген еді.
Қайрат Құдайбергеннің ісі
Қайрат Құдайберген 2022 жылдың сәуір айында ұсталған болатын.
Ол жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, қатысты деген күдікке ілінген.
Экс-депутат өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Сондай-ақ ол Amanat партиясынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054114-qantar-oqigasy-biyl-dikii-arman-men-qairat-qudaibergennin-zappai-tartipsizdiktegi-roli-anyqtalady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.