Ақтөбеліктер үш күн қатарынан "103" нөміріне хабарласа алмай қалды
Жарияланған күні:
Ақтөбе облыстық жедел және шұғыл медициналық көмек станциясында соңғы үш күнде бірнеше рет интернет істен шығып, 103 желісіне хабарласу мүмкін болмады. Салдарынан облыс тұрғындары көмек шақырту үшін 112 нөміріне және 109 call-орталығына хабарласып, әбден әбігерге түсті, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Өңірде шұғыл көмек көрсететін жедел желіге DDoS шабуыл жасалғаны айтылды. Дәрігерлер мұндай жағдаймен бірінші рет бетпе-бет келгенін айтты.
"Өте ауыр жағдайлар болды. 5, 6, 7 қаңтарда диспетчер қызметінде интернет істен шығып, байланыс үзілді. Дәлірек айтсақ, 5 қаңтар күні 18:00-19:00 аралығында, 6 қаңтар кешкі сағат 22:00-ге дейін, 7 қаңтар 18:00-ден бастап сағат 22:00-ге дейін байланыс болмады. Байланыс болмаған соң 109-ға сонымен бірге 112 қызметіне диспетчерлерді жіберіп, шақыртуды хабарлап отырды. Біз үш күнде 109, 112 қызметі арқылы шақыртуға бардық. Қазір ЖРВИ және қызылшаға байланысты шақырту бар", - дейді облыстық жедел жәрдем бекетінің бас дәрігері Марат Жанқұлов.
Дәрігерлер бұл уақыттарда аса көп өзгерістің болмағанын айтады. Әдеттегіше тәулігіне 1200-1400 қоңырау түскен.
Белгілі болғандай, облыстағы жедел жәрдем қызметін "Транстелеком" АҚ интернетпен қамтамасыз етеді. Компания өкілдері бұғатталған интернетті сыртқы шабуылдан көреді. Олар енді қауіп болмайтынын айтып сендірді.
"5-7 күндері аралығында Жедел жәрдем бекетінің телефония және интернетінде қиындықтар болды. Бұл 5 қаңтар күні сағат 18:00 шамасында болды. Біздің қызметкерлер шұғыл келіп, жөндеді. DDoS шабуыл жасалған. Интернетті бұғаттаған. Кешеден бастап байланыс қалпына келді. Бұған дейін 103-ке қатысты шабуыл болмады. Негізі 2023 жылы “Транстелеком” АҚ-ы желіге қызмет көрсетудің жеңімпазы болып, қызмет көрсетті. Бүгінге дейін мұндай болмады. Хакерлер шабуылы болып тұрады. Біз шұғыл шешім қабылдап, IP-адресті өзгертеміз. Ұйымдасқан іс сияқты болып тұрды. Ертеңіне дәл сол уақытта тағы шабуыл жасап, интернетті істен шығарады. IP-адрес қайта өзгерді. Енді қайталанбайды деп сенеміз. Ал келген шығыны туралы қазір айта алмаймыз. Кез келген байланысты қалпына келтіру шығын болады", - деді "Транстелеком" АҚ даму жөніндегі директоры Қанат Сырлыбаев.
2024 жылдан бастап жедел жәрдем қызметін "Қазақтелеком" АҚ интернетпен қамтамасыз етеді. "Транстелеком" АҚ бұл уақыттарда 103-пен арасындағы қосымша келісімшарт негізінде қызмет көрсеткен.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054399-aqtobelikter-us-kun-qatarynan-103-nomirine-xabarlasa-almai-qaldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.