Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында әйел инъекция салдырғаннан кейін ауруханада көз жұмған

Опубликовано:

Медициналық ине ұстаған дәрігер
Медициналық ине. Көрнекі сурет: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Атырау облысында 54 жастағы әйел инъекция салдырғаннан кейін ауруханада көз жұмған. Марқұмның балалары бұған жауапты мамандардың жазалануын талап етіп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv арнасы.

54 жастағы әйелдің балаларының сөзіне сүйенген телерна мәліметінше, марқұм 16 қазанда бел ауруына шағымданып, орталық ауруханаға барған.

Дәрігерлер оған "ауырсыну, бел омыртқасының остеохондрозы" диагнозын қойып, ем тағайындаған. "Сол күні ақ халаттылар анама ине арқылы ешбір сынамасыз дәрі салған" дейді ұлы. Оның сөзінше, анасы араға 5 минут салып, аузынан көпірік ағып, қан қысымы төмендеп, сол жерде көз жұмған.

"Нұсқау бойынша екпені, яғни цефазолинді науқастың ағзасы көтер ала ма, жоқ па, тексеруі керек. Бірақ медбике нұсқауды орындамай, қан тамыры арқылы система біте бергенде салған. Сағат 11:30 шамасында анамызбен сөйлестік, ол кезде жағдайы жақсы болған. Біз отбасында 6 баламыз. 54 жастағы анамыздың өліміне екі дәрігерді кінәлі деп танимын. Барлық құзырлы орган өкілдерінен әділ шешім шығаруын сұраймын", - деді марқұмның ұлы Жеткіншек Ислямов.

Телеарна тілшісінің хабарлауынша, оқиға болған күні Құрманғазы аудандық полиция бөлімі тарапынан қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталған. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысында өлімнің себебі анафилактикалық шок екені анықталған.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі Атырау облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті департаментінің сараптамасының нәтижесінде дәрігерлер тарапынан кеткен кемшілік нақты көрсетілген.

"Дәрігерлерден кеткен кемшілік көрсетілген. Құрманғазы аудандық полиция бөлімімен сот-медициналық сараптамалық тағайындау қажеттілігі туындап отыр. Қазір полиция бөлімі тағайындау үстінде. Тиісті процессуалдық сараптама қабылданады деген сенімдеміз", - деді қорғаушы Руслан Меңдалиев.

Телеарна тілшісі қазіргі уақытта ем тағайындаған дәрігер мен ем-дом жүргізген медбике жұмысын жалғастырып жатқанын айтты. Марқұмның балалары сот сараптамасы расталып, оқиғаға жауапты мамандардың жауапқа тартылуын талап етіп отыр.

Облыстық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Әбілованың айтуынша, мекеме тарапынан жауапты адамдарға шара қолданылған.

"Біздің тарапымыздан Құрманғазы аудандық ауруханасы арқылы жауапты мамандарға түрлі тәртіптік шара қолданды. Ал басқарма тарапынан ұйымдастырушылық қызметіне байланысты Құрманғазы аудандық ауруханасы директорына тәртіптік шара қолданылды", - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Атырауда 51 жастағы тұрғынның емшара кабинетінде инъекция алғаннан кейін көз жұмғанын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054911-atyrau-oblysynda-aiel-inekciya-saldyrgan-keiin-auruxanada-koz-zumgan/

pixel