Ақтөбе облысында мектептен шыққан оқушыны бір үйір ит талай жаздады: оқиға видеоға түсіп қалған
Жарияланған күні:
Ақтөбе облысында мектептен шыққан бастауыш сынып оқушысына бір үйір ит шапқан. Абырой болғанда оқиға куәгерлері дер кезінде көмек көрсетіп үлгерді. Бала дін аман. Бірақ қорқып қалған. Оқушыны мектеп психологы бақылауға алды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Оқиға 9 қаңтарда Ақтөбе облысы Қандағаш қаласында сағат 13:00-14:00 аралығында болған. Қандағаш жалпы білім беретін мектебінің 4-сынып оқушысы куәгерлердің көмегімен аман қалды. Оқушының анасы қалада қаңғыбас иттердің көп екенін айтады.
"Баламды ит қуып, абырой болғанда мектеп ауласында жүрген әйел адамдар арашалап қалды. Бір үйір иттен үш ит менің балама жүгірген. Видеодан көрдім. Алдымен басқа балаларды қуып, сосын менің балама шауыпты. Қала ішінде ит көп. Өзіңе жүгіреді. Иттерге мен не істей аламын. Өлтірсем жауапқа тартыламын. Сосын кеше видеоларымды алып, әкімге бардым. Шара қолданатындарын айтты. Балам қорқып қалған, мектепке баруға қорқады. Қала ішінде иесіз, қаңғыбас ит көп. Қаңғыбас иттер топтасып, толып жүр. Вокзалдың айналасында да бар", - деді анасы Таңнұры Сүлейменова.
Қаңғыбас иттерден аман қалған оқушының анасы мектеп бейнекамераларына жазылған видеоларды алып, жауапты орындарға тапсырған.
Оқиғаға қатысты мектеп басшылылығы да Қандыағаш қалалық әкімдігіне, полицияға хабар берілгендігін айтты. Олар қаңғыбас иттердің көптігін растап отыр.
"Баламен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ол дін аман, зияны тимеді. Бүгін міндетті түрде шара қабылдайды. Бұған дейін де Қандыағаш қаласы әкімінің орынбасарына, ит ататын мекемеге ескертілді. Барынша жұмыс істеп жатыр. Дегенмен қаңғыбас иттер ауламызда көп жүрген соң осындай мәселе туындап отыр", - деді №2 Қандыағаш қалалық мектебінің директоры Жазира Әбденова.
Ал аудан әкімі қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарының заңға сай жүретінін атады. Мұғалжар ауданы әкімі Дархан Ермағанбетовтың айтуынша, 2023 жылы Мұғалжар ауданы бойынша тұрғындардан түскен арыз бойынша 1200 қаңғыбас ит және 50 мысық ауланды.
Ал 2024 жылға Мұғалжар ауданы бойынша қаңғыбас жануарларды аулау, уақытша ұстау, бірдейлендіру, стерильдеу жұмыстарына 18 млн теңгеден астам бөлінген.
Автор: Ардақ Ерубаева
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054935-aqtobe-oblysynda-mektepten-syqqan-oqusyny-bir-top-it-talai-zazdady-oqiga-videoga-tusip-qalgan/