"Менің өмірде бар екенімді білмеген": Якутияда туып-өскен қазақ жігіті Алматы облысынан туыстарын тапты (фото)
Жарияланған күні:
Якутияда дүниеге келген Михаил Рожин есімді жігіт әкесінің ұлты қазақ екенін бала кезінен анасынан естіп өскен. Әкесінің есімін ғана білген ол 43 жасында Қазақстаннан туыстарын өз бетімен іздеп тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Михаил Рожиннің әкесі жаркенттік Әбдіманап Қасымханов сексенінші жылдары Бурятияда әскерде болғанда якут қызымен танысып, оған ғашық болған.
"Анам маған әкем қазақ екенін бала кезімнен айтып келеді. Анам Бурятияда училищеде оқыған. Ал әкем сол жақта әскерде болған екен. Анам оқумен қатар наубайханада жұмыс істепті. Ал сарбаздар сол жерден нан алуға келіп жүрген. Сонда танысқан. Бір-біріне ғашық болған. Анамның құрсағына бала біткенін әкем білмей, әскерден соң еліне қайтқан. Оның үстіне анам өзін Қазақстанда құрсағындағы баламен қабылдамай қоя ма деп қорыққанын да айтады. Сөйтіп Якутияға, өз еліне кеткен", - дейді Михаил.
Арада 43 жыл өткенде Михаил Қазақстанға жолы түсіп, бала күнгі арманы - әкесін тауып, танысуға бел буады. Қолында әкесінің не мекенжайы не суреті жоқ болса да, тегін білуді мақсат тұтқан жігіт алған бетінен қайтпайды.
"Бірде маған көріпкел кісі "сенің мына өмірде барыңды шыққан тегің білмейді, Қазақстанға бар да әкеңді тап, марқұм болып кетсе, басына барып зиярат ет" деп айтқан еді. Сол сөздері жадымда жаңғырық боп жүрді. Былтыр күзде әйелім екеуімізге іссапармен Астанаға жол түсті. Сол кезде неге әкемді іздемеске, мұндай мүмкіндік бола бермейді деп, пойызбен Алматыға тарттық", - дейді Михаил.
Екі млн тұрғыны бар үлкен мегаполиске келген Михаилға такси жүргізушісінің көп көмегі тиген. Оның анасынан естіген дерегі өте аз болды: әкесінің есімі - Әбдумап Қасымханов, оның өзінде есімін қате айтып келген, тағы бір дерек - ол кісінің Алматыдан әскерге кетердегі мекенжайы. Алайда көше атауы ауысқандықтан, біраз қиындықтарға тап болған. Әлгі мекенжайда музыкалық колледж орналасқан. Михаил сол арада анасына хабарласып, әкесі Әбдіманап Қасымхановтың домбыраның құлағында ойнағанын естіп, бәлкім сонда оқыған болар деп топшылайды. Болжамы айдай келіп, колледж мұрағатынан әкесінің нақты аты-жөнін, суретін табады.
Кейін такси жүргізушісі танысы арқылы деректер базасынан Әбдіманап Қасымхановтың Жаркенттегі мекенжайын, 2012 жылы қайтыс болғанын анықтап береді. Михаил соңына дейін баруды жөн көреді.
"Сөйтіп әйелім екеуміз Жаркентке бардық, маған ол жақта тағы да такси жүргізушісі көмектесті. Мекенжайды сұрастыра келе, бір үйді таптық. Есік алдында бір жігіт отыр екен. Мені көре сала әкемнің атын айтып, қазақша бірдеңе деді. Мен басымды изей бердім. Бұл қарашаңырақта атамыздың үлкен немересі тұрады екен. Мені әкеме қатты ұқсатса керек. Үйіне кіргізіп шай берді, суретке түсіріп, туыстар чатына жіберді. Бәрі де, сөз жоқ, әкемнен айнымай қалғанымды айтып жатты", - дейді ол.
Михаил сол күні бірден әкесі жерленген зиратқа барып, топырақ салып қайтқан.
Михаил өзінің әкесі тұрған үйді адаспай тауып келгенінің тағы бір дәлелі - Әбдіманап Қасымхановтың әскердегі фотоальбомы. Қарашаңырақта сақталған альбомның бірінші бетінен Михаил өз анасының суретін көрді.
Михаилдің айтуынша, ең әсерлісі - туған қарындасымен танысқан сәті.
"Ол маған қатты ұқсайды екен, әкем тіріліп келгендей болды деп көзіне жас алды. Бір сәтте осынша көп туысым бар екенін білгенде өзімді бақытты сезіндім. Алматыда да ағайындарым бар екен, бәрі үйіне шақырып қонақ қылды. Бауырларыммен таныстым. Мен Ұлы жүздің ішінде Суан руынан екенмін", - дейді Михаил Рожин.
Якутияда туып-өскен жігіт бала арманы орындалғанына әлі сенбей жүр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2054429-menin-omirde-bar-ekenimdi-bilmegen-yakutiyada-tuyp-osken-qazaq-zigiti-almaty-oblysynan-tuystaryn-tapty-foto/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.