Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өз мамандығын сүйетін ұстаз": алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімінің кабинеті желіде ел назарын аударды

Опубликовано:

Жанбол Өмірзақұлы
Видеодан кадр: Instagram/otbasy_baqyty

Алматы облысы Жамбыл ауданындағы мектепте мұражай іспетті безендірілген алғашқы әскери дайындық кабинеті желіде ел назарын аударды. Кабинетті жасақтаған 60 жастағы пән мұғалімі Жанбол Өмірзақовты желі қолданушылары мемлекеттік наградаға лайық деп жазуда. Мұғалім бұл ісін 35 жыл бұрын қолға алған. Бүгінде кабинетінде 1000-ға жуық тарихи тұлғаның фотосы, жүздеген ту жинақталған, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Желіде Алматы облысы Жамбыл ауданы Беріктас ауылында алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беретін Жанбол Өмірзақовтың кабинетінде түсірілген бейнежазба пайда болды. Онда желі қолданушылары жарыса пікір қалдырған.

"Өз мамандығын жанындай сүйетін ұстаз-ау, жыл мұғалімі болуы керек, ағайға министр грамотасы берілсін, кабинет емес музей, керемет еңбек, жемісін жеңіз", - деп жазады олар.

Жанбол Өмірзақов бұл мектепте 1989 жылдан бері еңбек етеді. Осы уақыт аралығында 60-тан асқан педагог өзі қызмет еткен мектепте ауған соғысы ардагеріне арналған мұражайдың ашылуына себепкер болған. Кейін өзінің оқу кабинетін безендіруді қолға алыпты.

АӘД кабинеті
Оқу кабинеті. Фото: Жанбол Өмірзақовтың жеке мұрағатынан

"Осы ауылда туып-өстім, мектепті бітіргеннен кейін ауылда бір жыл жұмыс істедім. 1982 жылы Қазақ политехникалық институтына оқуға түсіп, бес жыл күндізгі бөлімде оқыдым. Сол кезде әскери кафедрада білім алдым, бітірген соң лейтенант атағын берді. Оқуымды тәмамдап мамандығым бойынша жұмыс істедім. Одан соң осы Беріктас ауылына келіп, еңбек және кәсіби оқу пәнінің мұғалімі болып орналастым, 2001 жылдан осы уақытқа дейін алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімімін", - дейді Жанбол Өмірзақов.

Қазір ұстаздың әскери атағы - аға лейтенант.

Алғашқы әскери дайындық кабинеті
Алғашқы әскери дайындық пәнінің оқу кабинеті. Фото: Жанбол Өмірзақовтың жеке мұрағатынан

Ең қызығы, мұғалімге кабинетін осылайша безендіру туралы ешкім тапсырма беріп, талап қоймаған. Педагогтың айтуынша, кабинетін жасақтаудағы мақсаты оқушыларына дұрыс бағыт-бағдар, тәрбие беру.

"Алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі болып ауысқаннан кейін біздің ауылымыздан шыққан, Ауғанстан жерінде ерлікпен қаза тапқан жауынгеріміз Серік Әшімов туралы материалдар жинап, мектептің дәлізінде "Антына адал, сертіне берік есіл ер" деген тақырыпта естелік бұрышын аштым. Екі тақтадан тұратын. Кейін мектептен арнайы бір бөлме беріліп, мен жинаған материалдар негізінде мектеп мұражайына айналды", - дейді мұғалім.

Жанбол Өмірзақов
Жанбол Өмірзақов оқушыларымен бірге. Фото: жеке мұрағатынан

Ал бәрінің қызығушылығын тудырған оқу кабинетін 2001 жылдан бастап жасақтауға кіріскен.

"Оқу кабинетінде ілініп тұрған көрнекіліктер оқушылар үшін жұмыс істейді. Оқушылар содан өзіне керектісін алады, ал мен біртіндеп толықтыра берем. Онда Кеңес одағы кезеңінен бастап осы күнге дейінгі тарихи тұлғалар, еліне еңбегі сіңген адамдар, бейбіт күннің батырлары, Қазақстанның "100 жаңа есіміне" кіргендер, ғарышкерлер, барлық саланың, экономикаға үлес қосқан азаматтарды, қазақтың атын шығарып жүрген" шетелде жұмыс істейтін азаматтарды, еліміздің туын көкке желбіреткен даңқты спортшылардың суреті бар. Балаларға үлгі болсын деп жасадым", - дейді ол.

Айта кетерлігі, кабинетте еліміздің президентінен бастап, үкімет басшысы, оқу-ағарту министрі, қорғаныс министрінің суреті де бар.

"Үкімет ауысса, оқу министрі, қорғаныс министрі, штаб бастығы бәрі ауысады, ауысқан күннің ертеңінде мен аудан орталығына барып, суретін шығарып әкеп іліп қоямын", - дейді Жанбол ағай.

Жанбол Өмірзақов осы көрнекілік құралдардың бәрін өз қаражатына жасайтынын айтады. Кабинетте фотосуреттерден бөлек 30 үлкен ту, 70 шағын ту, 140 жалауша тұр.

"Жаңалықтан ақпарат аңдып, ескірсе жаңартып отырам, мысалы, желіге бейбіт күннің батыры шығып жатса, қосып қоямын. Бәрі бұл безендіруге қанша қаражат кеткенін сұрап, қызығып жатыр, шын мәнінде, қанша ақша жұмсалғанын есептеген емеспін", - дейді алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі.

Жанбол Өмірзақов
Жанбол Өмірзақов оқушыларымен бірге. Фото: жеке мұрағатынан

Кабинетті жасақтаған 60 жастағы Жанбол Өмірзақовты желі қолданушылары мемлекеттік наградаға лайық деп жазуда. Әзірше мұғалім президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан және бұрынғы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтен алғыс хат алған. Ал былтыр Республика күні қарсаңында Жанбол Өмірзақов Жамбыл ауданының құрметті азаматы атағын алды.

"Сізге медаль беру керек деп жатыр, енді оны өздері біледі, ешкімге қолымды жайып медаль сұрамаймын. Осыны жасап едім деп айтсам ұят қой", - дейді мұғалім.

Педагог өзінің шәкірттерімен мақтанады.

"Алдымда сабақ оқып, тәлім-тәрбиемді алған екі оқушым әскери оқу орнын бітіріп, әскери қызметте жүр. Біреуі Алматыда үлкен әскери бөлімде рота командирі, екінші оқушым ҰҚК капитан шенінде отанға қызмет етіп жатыр", - дейді ұстаз.

Үш-төрт жылдан кейін Жанбол Өмірзақов зейнетке шығатынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055194-oz-mamandygyn-suietin-ustaz-algasqy-askeri-daiyndyq-pani-mugaliminin-kabineti-zelide-el-nazaryn-audardy/

pixel