Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жалған сертификат дауы: Ақтөбеде 800-ден аса мұғалім білім басқармасына біртіндеп шақырылып жатыр

Опубликовано:

мектеп
Мектеп. Көрнекі фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Ақтөбеде біліктілік санатын сатып алуы мүмкін деп күдікке ілінген жүздеген ұстазбен жеке-жеке кездесу өтіп жатыр. Бұл туралы Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы білім басқармасындағылар 2023 жылдағы жұмыс қорытындысын жариялады. Сонымен қатар басқарма басшысы Жайық Сұлтан біліктілік санатын арттыру бойынша басы дауға қалған ұстаздар әрекеті туралы да пікір білдірді.

"Бұл жерде мәселе күрделі. Құзырлы органдардан 885 адам жалған сертификат жасады деп тізім келді. Оның ішінде қатардағы педагогтардан бастап, кей білім беру ұйымдарының басшылары да бар. Біз әрқайсысымен сұхбат жүргіздік. Кейбірі мойындап, қаржыны бюджетке қайтарды. Қазір 97 млн теңгенің 92 млн теңгесі қайтарылды. Сұхбат барысында өз білімімізбен тапсырдық, біз өзімізді ақтап шығамыз деп отырғандары да бар. Қазіргі таңда сол тесті ұйымдастыратын жеке компаниямен арада келісімшарт бұзылды. Оқу-ағарту министрлігі мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде келісімге қол қойылған болатын. Алдағы уақытта уақытта ҰБТ мектептер мен колледждерде өтеді, олар жабдықталады", - деді Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Жайық Сұлтан
Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы. Фото: KAZ.NUR.KZ

Қазір күдікке ілінген білім саласының барлық қызметкері басқармаға жеке-жеке шақырылып жатыр.

"Әлі күнге дейін кездесу болып жатыр. Жеке-жеке пікірін білу маңызды әрі алдын алу үшін сұхбат жүрді. Егер өзіңіз педагог бола тұра академиялық адалдықты сақтамасаңыз - өте өкінішті. Бізге қоғам өкілдерінен осы сұрақ қойылады. Бұл ауыр. Дегенмен ел боламын десек, академиялық адалдықты өзімізден бастауымыз керек", - деді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, білім саласы қызметкерлеріне берілген жалған сертификатқа қатысты қылмыстық істе сотта аты аталған 110 мұғалімнің 100-ге жуығы келтірілген залалды толық өтеді. Ал оншақты ұстаз өзінің тестті әділ тапсырғанын дәлелдеу үшін сотқа жүгінетіндерін айтқан.

Білім басқармасы басшысы келтірген мәліметке сүйенсек, өңірде 254 183 баланы қамтитын 1112 білім беру ұйымы жұмыс жасайды, оның ішінде 430 мектеп бар. 2023 жылы 3144 жаңа орынға 31 жаңа балабақша ашылса, биыл өңірде тағы 25 балабақша пайдалануға беріледі. Сонымен қатар балабақшаға баратын арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 6000-ға жуық бала тегін тамақпен қамтылғаны айтылды.

Автор: Ардақ Ерубаева

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055174-zalgan-sertifikat-dauy-aqtobede-800-den-asa-mugalim-bilim-basqarmasyna-birtindep-saqyrylyp-zatyr/

pixel