Самат Әбішке қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды
Жарияланған күні:
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталды. Іс сотқа жіберілді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат".
"Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу қызметі С.С.Әбішке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 362-бабының 4-бөлігімен қозғалған қылмыстық істі тергеуді аяқтап, істі сотқа жолдады", - деп жауап берген Сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Ризабек Ожаров "ҚазАқпарат" агенттігі жолдаған сауалға.
Ризабек Ожаровтың айтуынша, осы қылмыстық іс аясында Самат Әбіш ауыр зардаптарға әкеп соқтырған билікті және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Күдіктіге қатысты елден кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалған, сондықтан ол қазір Қазақстанда.
"Қылмыстық істе мемлекеттік құпия саналатын мәліметтер бар екенін ескере отырып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді", - делінген мәлімдемеде.
Самат Әбіш ісі
Еске салайық, 2022 жылдың 17 қаңтарында Самат Әбіш Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатылды.
2023 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратура ведомствоның арнайы прокурорлары ҰҚК төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты "қаңтар оқиғалары" кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған еді.
Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай Самат Әбіш Қазақстанда екенін, ол ешқайда кетпеу туралы қолхат бергенін мәлімдеген болатын. Кейін бас прокурордың орынбасары Жандос Өміралиев мәжілісте сөйлеген сөзінде Самат Әбіш қашып кетуі мүмкін деген қауіпті жоққа шығарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2055464-samat-abiske-qatysty-qylmystyq-isti-tergeu-ayaqtaldy/