Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өз басымнан да өткен": Алматыда жер сілкінгенде түрік кәсіпкері халықты өз дәмханасына паналатқан

Опубликовано:

Көшеге шыққан Алматы тұрғындары
Жер сілкінісінен кейін далаға шыққан Алматы тұрғындары. Фото: NUR.KZ/Владимир Третьяков

Желіде Алматыда жер сілкінісі болған түні тоңған адамдарды дәмханасына кіргізіп, тегін шай таратқан түрік кәсіпкерінің видеосы тараған болатын. BAQ.KZ сайтында дәмхана иесі берген сұхбат жарияланды.

Сайт тілшілерінің жазуынша, Ариф Ипек – Алматы қаласында тәулік бойы жұмыс істейтін кафесі бар кәсіпкер. Оның дәмханасы жеке үйлер сияқты басқа ғимараттан бөлек орналасқандықтан, жер сілкінісі болған түні жақын маңайдағы тұрғындар сол кафені паналаған.

"Жер сілкінісі болғанда кафеде жүрдім. Қорқыныш болды. Бірақ үрейге берілуге болмайды. Сол үш қызметкерлерді сабырға шақырдым. Көрші үйлерден шыққан біршама адам кафемізге келді, - деді кәсіпкер.

Ариф Ипек 23 қаңтар түнгі ауысымдағы әдет бойынша дәмханадағы 4 залдың 2-еуі ғана жұмыс істеп, қызметкер саны да күндізгіден аз болғанын айтты. Кафе иесінің сөзінше, халық көп болған соң, екінші залды да ашқан. Ол ашқан залдарға алдымен жасы үлкен және балалары бар адамдарды кіргізіп, балаларға ойын алаңын ашып берген. Оларға шай, шырын, каркаде, компот сияқты сусындарды тегін таратқан. Біршама адамдар кафеде таңға дейін қалған.

"Мен мұны біреу көрсін, мені теледидардан, интернеттен шығарсын деп істемедім. Алла разылығы үшін адамдарға қолымнан келгенше көмектестім. Өйткені жер сілкінісі менің басымнан да өтті", - деді ол.

Ариф Ипек 1999 жылы Ыстамбұл маңында болып, 18 мыңға жуық адамның өмірін қиған зілзаланың куәсі болғанын айтты.

"Мен ол кезде шамамен 18-де болдым. Көп адам зардап шекті. Бір апта далада қондық. Жер сілкінісі болған жағдайда бастысы қорқынышқа беріліп кетпеу керек", - деді кәсіпкер.

Айта кетейік, Алматыда қаңтардың 22-нен 23-не қараған түні жер сілкінді. Ол кезде дүмпу қала тұрғындарына 5 балл болып сезілді.

Сондай-ақ Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы 23 қаңтардан 26 қаңтарға дейін Қазақстан бойынша 1800-ден астам афтершок тіркелгенін мәлімдеген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2057999-oz-basymnan-da-otken-almatyda-zer-silkingende-turik-kasipkeri-xalyqty-oz-damxanasyn-panalatqan/

pixel