Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Италиялықтар құрғақ дала аймағындағы жердің тиімділігін арттыру бойынша инновациялық шешім ұсынды

Опубликовано:

Семинар
Дохада өткен семинар спикерлері мен қатысушылары. Фото: ITA Almaty

Катарда халықаралық EXPO-2023 көрмесі аясында ауыл шаруашылығы саласындағы италиялық ең озық технологиялар мен жабдықтар назарға ұсынылды. Онда Италия ғалымдары мен ауылшаруашылығы техникасын өндірушілер құрғақ дала және шөлейт жерді тиімді пайдалану, суды үнемдеу тұрғысында осы мәселемен бетпе-бет келіп отырған елдерге инновациялық шешім ұсынған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Италия - ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру бойынша дүниежүзінде алдыңғы қатарлы елдің бірі. Осы бағытта Дохадағы халықаралық EXPO-2023 көрмесі аясында Италия сауда агенттігі (ITA) және FederUnacoma - италиялық ауыл шаруашылығы машиналары өнеркәсібі федерациясының қолдауымен "Италияда жасалған" өнімдер күні атап өтілді.

Дохада өткен семинарда құрғақ климат жағдайындағы ауыл шаруашылығына лайық италиялық өнеркәсіп технологияларына арналды.

Семинарда Италия сауда агенттігінің (ITA) Дохадағы комиссары Паола Лиси "Италияда жасалған" сапасына тоқталып, ауыл шаруашылығы машинасын өндіру секторы да сән әлеміндегі сападан қалыспай келе жатқанын айтты.

Бұдан бөлек журналистер мен бизнес өкілдеріне Таяу шығыс елдеріндегі ауыл шаруашылығын механикаландырудың жаңа перспективалары, қуаң жерлердің тиімділігін арттыруға қатысты баяндамалар жасалды.

Катар сияқты шөлейт, құмдауыт жерде орналасқан елдер үшін Италия біршама инновациялық шешімдер ұсынып отыр. Семинарда FederUnacoma техникалық кеңсесінің қызметкері Лоренцо Лулиано шөлейт және қуаң жерлердің өнімділігін арттыру бойынша көзқарасты өзгерту қажет екенін айтты.

Лоренцо Лулиано
FederUnacoma техникалық кеңсесінің қызметкері Лоренцо Лулиано. Фото: KAZ.NUR.KZ

"Біз құрғақ, шөлейт жерлердің тиімділігін қалай арттырсақ болады? Бұл өте өзекті мәселе. Қолымыздан көп нәрсе келетіні қуантады. Біз ол үшін лайықты ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалануымыз керек және ауыл шарауашылығына деген көзқарасты өзгертуіміз қажет", - дейді FederUnacoma қызметкері.

Оның пікірінше, жерге қамқорлықпен қарап, оны ұзақ мерзімді пайдалану ниетімен өңдеу керек.

"Бұған дейін біз жерден қысқа мерзімде көп өнім алу бағытын ұстандық, бұл топыраққа зиян. Ал жаңа көзқарас бойынша жерге салмақ салмай, тұрақты түрде, ұзақ мерзімде, аз-аздан өнім алуға тиіспіз", - дейді Лоренцо Лулиано.

Осы орайда Лоренцо Лулиано жерді тиімді өңдеуге арналған ауыл шаруашылығы техникасын таныстырып өтті: бір машина бірнеше функцияны атқарады, жерді өзі жыртып, дақылды өзі себеді, әрі электронды түрде басқарылады. Нәтижесінде жерді жырту арқылы өңдеу азаяды, жеңіл әрі бірнеше функция кіріктірілген машина қолданылады, жердің өңделетін қабаты терең болмайды, беткі қабаты ғана пайдаланылады.

Сондай-ақ семинарда суару жүйесіне қатысты инновациялық технологиялар туралы сөз болды. Әдетте ауыл шаруашылығы саласында су шығынын маңызды деп санамайды. Ал қазіргі нарық тұтынушыларға гидравликалық қысымға негізделген нақты және интеллектуалды ирригация жүйесін ұсынады. Бұл жүйе ең қажет деген жерді дер кезінде суарады. Ол үшін егістік жердің деректері, датчиктер және дер кезінде шешім қабылдау ғана қажет.

Ал Болонья университетінің профессоры Лоренцо Маркони ауыл шаруашылығы секторын толық автоматтандыруға бағытталған стартап туралы айтып берді.

Лоренцо Маркони
Болонья университетінің профессоры Лоренцо Маркони. Фото: KAZ.NUR.KZ

Лоренцо Марконидің сөзінше, толықтай автономды роботты жасауға университет 5 жыл уақыт жұмсаған, Ол жылдар бойы сынақтан өтккен. Ауыл шаруашылық роботы автоматтандырылған кешенді іс-әрекеттерді жүзеге асыруға қабілетті. Кафедра міндеті - бір батареялы, көп функциялы тәжірибелік үлгіні жақын арада өндіріске енгізу.

Ауыл шаруашылығының осындай озық технологиялары биыл күзде Италияда өтетін халықаралық EIMA-2024 ауылшаруашылығы көрмесіне қойылады.

Осыған орай ұйымдастырылған Катардағы EХPO-да болған бапасөз мәслихатына Италияның Катардағы елшісі Паоло Тоски де келді. Елші журналистер мен бизнес өкілдерін Болонья қаласында өтетін 46-шы EIMA-2024 көрмесіне шақырды.

FederUnacoma бас директорының орынбасары Фабио Риччи
FederUnacoma бас директорының орынбасары Фабио Риччи. Фото: KAZ.NUR.KZ

Жиында FederUnacoma ұйымы бас директорының орынбасары Фабио Риччи сөз алды. Оның айтуынша, бүгінгі таңда EIMA әлемдегі ең ірі салалық көрмелердің біріне айналған.

"EIMA көрмесіне дүниежүзінен механизация саласының мамандары, кәсіпкерлер, журналистер жиналады. Биылғы бастамалар көгалдандыру, суару, ауыл шаруашылығы 4.0 және биоэнергетика салаларына арналған тақырыпқа бағытталған", - дейді Фабио Риччи.

FederUnacoma өкілі әлемде ауыл шаруашылығы техникасына сұраныс жылдан жылға артып келе жатқанын айтты.

"Мысалы, трактор сатып алу көрсеткіші 2015 жылмен салыстырғанда 2022 жылы айтарлықтай өскен. 2015 жылы 1,9 млн дана трактор, ал 2022 жылы 2,5 млн трактор сатылған. 2022 жылы АҚШ және Үндістанда тракторға сұраныс жоғары болды", - дейді Фабио Риччи.

Сондай-ақ Фабио Риччи Италияның ауылшаруашылық техникасын Таяу Шығыс және Орта Азия елдеріне экспорты туралы айтты. 2023 қаңтар-қазан айларында Италия Түркияға – 302 млн еуро, Сауд Арабиясына 17,7 млн еуро, Біріккен Араб Әмірліктеріне 14, 8 млн еуроның тракторын экспорттаған. Ал Орта Азия елдері, атап айтқанда, Қазақстан 14 млн еуроға, Түркменстан 4,8 млн еуроға тракторлар сатып алған.

Катар, Доха, 2024 жыл

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/2058374-italiyalyqtar-qurgaq-dala-aimagyndagy-zerdin-tiimdiligin-arttyru-boiynsa-innovaciyalyq-sesim-usyndy/

pixel